Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анта­лия дипломатиялық фору­мын­да әлемдегі оқиғаларға байыппен қарауға шақырды. Мем­лекет басшысы форумның панельдік сес­сиясында «Әлемде орын алған жағдайларға байып­пен қарауға кеңес берер едім», – деді. Президент Анталия дипломатиялық форумының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысты.
Қауіпсіздік пен бейбітшілікке жауапкершілікпен қарау қажет
93
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев өз пі­кір-пайымын Анталия дип­ло­матиялық форумының Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties панельдік сессиясында айт­ты. Іс-шараны Түркия Пар­ламентінің депутаты, бұрынғы сырт­қы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.

Мемлекет басшысы бірінші ке­зекте Режеп Тайип Ердо­ған­ның басшылығымен Түркияның халықаралық аренадағы беделі ар­тып келе жатқанына айрықша тоқталып, ілтипат  білдірді.

– Ең алдымен, көреген көш­басшы Режеп Тайип Ердо­ған­ның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқара­ты­нын айтқым келеді. Өңір әлсін-әл­сін бетпе-бет келіп отырған өзек­ті мәселелердің шешімін та­буға елдеріміз айтарлықтай ат­­салыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана оты­рып, Прези­дент Ердоғанның ке­лесі айда Қа­зақстанға жасай­тын мем­ле­кет­тік сапарына ерек­ше мән беріп отырғанымызды жет­кізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі пікірін айтты.

– Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз», деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіп­сіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды.

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санай­мын. Қазір стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күр­делі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.

– Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мә­се­лен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақыр­дық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық тех­нология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиын­дықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни, әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен маз­мұны – үлкен проблема, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады.

– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стра­тегиялық құндылықтар мен басқа мә­селелер жайында айта береміз. Біз жаһан­дық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиын өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақ­танудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдеріс­терде жоғары деңгейде жауапкершілік та­нытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.

– Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшы­лардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа кеңесі парламенттік Ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аян­бай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, – деді модератор.

Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.

– Біз өңірлік және жаһандық қақты­ғыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркия­ның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек, БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халық­аралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойым­ша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма? – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интел­лектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет еке­ніне тоқталды.

– Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті ха­лықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіп­сіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағ­дай. Адамдар, дипломаттар мен сая­саткер­лер басқа алаңдарда келіссөз жүр­гізуге мәж­бүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан!» деді. Алайда ең маңызды мәселе  Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбіт­шілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұста­нымдардан арылу қажет.

– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жар­ғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пре­вентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превен­тивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді бірік­тіру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұ­мысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне Солтүстік Македония Президенті Гордана Силян­овска-Давкова қолдау білдірді.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабыл­дауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, – деді Солтүстік Македония Президенті.

Сондай-ақ панельдік пікірталасқа Гру­зия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.

Анталия дипломатиялық форумы – жыл сайын жоғары деңгейде өтетін халықаралық пікірталас алаңы. Іс-шара саяси көшбас­шылар, дипломаттар, сарапшылар, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосады. Сонымен қатар форум екі­жақты және көпжақты байланыстарға, саяси консультациялар мен бейресми кез­десулерге арналған тиімді платформа са­налады.

Еске салар болсақ,  «Анталия  дипло­матия­лық форумы» осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Халықаралық мәселелерді талқылайтын платформаның алғашқы отырыстарына сыртқы істер министрлері, аймақтық ұйым жетекшілері мен сарапшылар қатысып жүрсе,  биыл 38 елдің басшысы мен үкімет жетекшісі, 40-тан астам мемлекеттің сыртқы істер ми­нистрі  қатысып жатыр.  

А.СҰЛТАН