Ақтауда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасына арналған қоғамдық талқылау қызу пікірталасқа ұласты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин жиынға қатысты сын-пікірлерге жауап беріп, оны «цирк» деп атау негізсіз екенін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, кейбір азаматтар жиынға толық қатыспай, тек қысқа уақыт болып, кейін әлеуметтік желіде біржақты пікір білдірген. Ол мұндай бағалауларды объективті емес деп атап өтті.
«Егер біреуге цирк керек болса, бұл — оның таңдауы. Ал біз үшін бұл — адамдардың қауіпсіздігі мен қоғамның пікірін тыңдайтын нақты жұмыс», — деді Жаңбыршин.
Кездесу барысында тұрғындар өз ойын ашық жеткізіп, сұрақ қойып, нақты жауап алған. Талқылауға Ақтау қаласы мен аудандардан келген азаматтар қатысқан. Уақыттың шектеулі болуына байланысты кейбір қатысушылар өз пікірін толық жеткізе алмағанымен, жиын екі сағат бойы ашық форматта өткен.
Сонымен қатар Алматы мен Астанадан келген сарапшылар да өз ұсыныстарын білдірген. Атап айтқанда, жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту мәселесі көтеріліп, депутат бұл ұсынысты қолдап, нақты нормалар ұсынылса, талқылауға дайын екенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар кез келген мәселені бірлесіп талқылау маңызды деген ортақ пікірге келген.
«Бұл — цирк емес. Бұл — қоғамның дауысы», — деп түйіндеді депутат.
