Елімізде соңғы 3 айда киберқылмыс саны 15,1%-ға азайған. Бұл туралы Бас прокуратураның Үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы (банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) күшіне енген сәттен бастап 446 іс тіркелген.
Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталық арқылы алаяқтық операциялармен байланысты 2,8 млрд теңге бұғатталған.
Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының талдауы нәтижесінде 18 жаңа киберқауіпті анықталған, олардың ішінде шетелде орналасқан қылмыскерлердің SMS-бластерлерді (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама жіберуге арналған құрылғылар) пайдалануы, фишингтік таралымдар мен дипфейк технологиялары, нөмірлерді алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды қолдану схемалары бар.
Сондай-ақ кредит беру саласындағы қауіпсіздік күшейтілген. Байланыс саласындағы өзгерістер бойынша SIM-бокстарға тыйым салынған, абоненттерді биометриялық тіркеу енгізілген, операторларға антифрод-жүйелерді қолдану және алаяқтық қоңырауларды бұғаттау міндеттелген. Және дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген.
