17 сәуірден бастап «Хабар» телеарнасының «Оян!» таңғы интерактивті бағдарламасының эфирінде тақырыптық шығарылымдар сериясы басталды.
«Хабар» телеарнасында заманауи әдебиетті дәріптеуге бағытталған жоба басталды
108
оқылды

«Хабар» телеарнасы мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры Ұлттық кітап күніне орай ауқымды медиажобаны іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

23 сәуірде атап өтілетін Ұлттық кітап күні қарсаңында «Хабар» телеарнасы «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорымен бірлесіп, арнайы медиажобаның басталғанын жариялады. Бастама кітап оқу мәдениетін жаңғыртуға, заманауи әдебиетті дәріптеуге бағытталған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.

17 сәуірден бастап «Хабар» телеарнасының «Оян!» таңғы интерактивті бағдарламасының эфирінде тақырыптық шығарылымдар сериясы басталды. Бағдарлама барысында интерактивті әдеби викториналар өткізіліп, өзекті бестселлерлерге шолу жасалады, сондай-ақ танымал спикерлермен, жазушылармен және сарапшылармен сұхбаттар жүргізіледі. Жобаның мақсаты — кітап оқуды қалың көрермен үшін қызықты әрі қолжетімді ету.

Тележоба әр аптаның жұма күні «Хабар» арнасындағы «Оян!» бағдарламасы аясында (сағат 07:00-09:00 аралығында) тікелей эфирде шығады. Жүргізушісі — журналист-блогер Санат Ілияс. Ұйымдастырушылар барша қазақстандықтарды осы бастамаға қосылып, әдебиет әлемін қайта тануға шақырады.

Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасына Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілер бар.

Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласының әкімдіктерімен бірлесіп, «Amanat» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.