Бүгінде әскери патриоттық клубтың құрамында 50-ден астам оқушы бар. Кем дегенде 10-15-і әскери салаға тартылса, соның кемі бес-алтауы сапқа қосылатынына сенімді.
Жастарды әскерге дайындау мектептен басталады  – Берік Төлепов
aikyn.kz
120
оқылды

Жақында Астана қаласындағы 22750 әскери бөлімінде бірыңғай ашық есік күні өтіп, оқушылар мен жастарға Қарулы Күштердің күнделікті қызметі таныстырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Еліміздің барлық гарнизонында бір мезгілде ұйымдастырылған шараға әскери қызметшілердің ата-аналары, әскерге дейінгі жастағы жастар мен оқушылар қатысты. Мұнда әскери қызметшілердің қызмет етуі ғана емес, олардың тұрмыс жағдайы, физикалық тұрғыдағы дайындығымен танысты. Сонымен қатар қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері, заманауи байланыс құралдарына дейін көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қандай да бір жағдай туындаса, Қарулы Күштерден жасақталған әр топ қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Әр сарбаз «Тұрай» спутникті байланысты өзімен бірге алады. Мәселен, бір сарбаздың салмағы 85 келі болса, үстіндегі бүкіл қарулану  жабдығы 45 келі тұрады. Ал қорғаныс сауыты тағы 30-40 келі қосады.

– Әлемдегі бүкіл ел флюгер деп аталатын 9х19 тапаншасын қолданады. Біз SAR9 қаруын көбірек қолданамыз. Бұл әлгі қарудан кем түспейді, керісінше, оның жақсарған үлгісі. Мұның сақтандырғышы бар. Ескіден келе жатқан Калашников автоматы әскерде әлі де өз орнын жоғалтпаған. Заманға сай салмағы жеңілдетіліп, 3,5 келіге жеткізілді. Көздеу дәлдігі де жетілдірілген. Тіпті, бұрынғы Калашниковтен екі есе мықты қаруға айналған.

Мысалы, бір кездері ұмыт болған Дробовик қаруының жаңа кезеңі басталды. Әуелде тұтқындарды босату, құлыпты бұзу мақсатында пайдаланылған қару – бүгінде дронды құртуға арналған бірден-бір құралға айналды. Бір топқа мұндай қарудың екеуден беріледі. Алда-жалда дрон пайда болса, құлатып түсіруге болады. Сол себепті әскерде қарудың сапалығына мән беріледі. Өйткені сапалы қару қолданыста да өзін жақсы көрсетеді, – дейді 22750 әскери бөлімнің сарбазы.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері арнайы операция күштерінің 22750 әскери бөлімінің командирі, Тәрбие және  идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, майор Берік Төлепов оқушылар арасында әскери өмірді насихаттау барысы жайында айтып берді.

– Басты мақсат – әрбір оқушының елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, әскери өмірге қызығушылығын ояту. Ал мұндай идеология мектеп партасынан басталады. Еліміз бойынша өтіп жатқан Ашық есік күнін қалт жібермей, өзіміздің қарамағымызға алған оқушыларды, яғни арамызда меморандум бар мектептерді шақырдық. Оның ішінде №13 жалпы орта білім беру мектебі және әскери бөлімнің жанында «Жолбасар Астана» әскери патриоттық клубтың қатысушылары бар, – дейді ол.

Берік Төлеповтің айтуынша, әр әскери бөлімге Қорғаныс министрлігі бұйрығымен біраз білім ордасы бекітілген. Соның арасынан олар 2-3 мектепті алып, назарды шалғайдағы ауыл мектебіне бұрған.  

– Әрине, әскери өмірмен таныстыру мақсатында кездесулер өткізіледі. Бірақ бұл мәселеде жұмыс жүйелі жүргізілмесе, 2-3 кездесумен түбегейлі шешілмейді. Осыдан 2 жыл бұрын қаладан 15 шақырым жерде орналасқан Софиевка ауылының орта мектебімен меморандумға отырып, оқушыларды қарамағымызға алдық. Сол мектептің бір түлегін Сағадат Нұрмағанбетов атындағы әскери колледжге түсірдік.

Биыл ол – ІІІ курс студенті, оқуын бітірген соң өзіміздің әскери бөлімге алмақпыз. Жақында сонымен бірге «Ерлік» сабағын өткіздік.

Қазір әскери тұрғыда дайын, маман ретінде біраз тәрбиелеп жіберсек, артынан өз мектебіне жібереміз. Әскери өмір жайлы сырт адамнан естігеннен гөрі, сол мектептен түлеп ұшқан түлектің сөзіне оқушылар құлақ асар. Оған еретін жеткіншектер көбейе  түседі, – деді  Тәрбие және  идеология жұмысы жөніндегі орынбасары Берік Төлепов.

Майор бұған дейін бұл мектепте әскери дайындықтан беретін маман да тапшы, әскери клуб та болмағанын жеткізді. Бүгінде әскери патриоттық клубтың құрамында 50-ден астам оқушы бар. Кем дегенде 10-15-і әскери салаға тартылса, соның кемі бес-алтауы сапқа қосылатынына сенімді.

Қатардағы ауыл мектебіне кадеттік сыныпқа ауысқалы өзгерістің барын оқушылар да айтты.

– Келешекте әскери салаға барамын ба, бармаймын ба, білмеймін. Ол жайында ойламадым, әзірге осында жүргенім өзіме ұнайды. Бізде дайындық үздіксіз, кәдімгідей сапқа тұрамыз, әртүрлі жаттығу жасалады. Әрине, қыз балаға өз қиындығы бар, десе де үйреніп кеттік. Сырт көзге киімімізден, физикалық тұрғыда дайындығымыздан байқалады,  – дейді 15 жастағы Анеля Жақыпова.