Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты орындалатын болды, – деп жазды Aikyn.kz.
Ақынның жары Ханшайым Шаханова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, ақынның соңғы аманатын жеткізген болатын.
Мұхтар Шаханов Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерлеуді аманат еткен. Алайда ақынның денесі Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратында жерленетіні хабарланды.
Соңғы мәлімет бойынша, жоспарға өзгеріс енгені анықталды.

Бұл туралы қоғам қайраткері, депутат Қазыбек Иса әлеуметтік желіде жазды.
«Әлемге әйгілі қазақтың ұлы ақыны, Тұран тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы Мұқтар Шаханұлының ақырғы аманаты орындалатын болды құдай қаласа. Ақын ата-бабасы жатқан киелі Отырар өңіріндегі қасиетті Арыстан бап кесенесі маңына жерленеді. Марқұмды шығарып салу рәсімі ертең 21 сәуірде Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында сағат 9.00-де өтеді. Содан соң ақынды туған жері киелі Отырар ауданына алып кетіп, 22 сәуірде Арыстан баб кесенесінің маңындағы зиратқа қойылады. Пейіште рухы шалқи бергей!» - деді депутат.
Ақынның немересі Қайырхан Балғабеков атасының аманаты орындалатынын жеткізді.
«Аллаға сансыз шүкір, атамның соңғы аманаты орындалатын болды. Атамыз Отырарда жерленеді», – деп жазды ол.


Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
