Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 23 сәуірде болатын Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.
Транзит әлеуетін дамытуға арналған парламенттік тыңдау өтеді
93
оқылды

Палатаның іс-шаралар жоспарына сәйкес, 24 сәуір күні Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтеді.

Бюро отырысында Мәулен Әшімбаев транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайту стратегиялық маңызға ие міндет екенін атап өтті. Ол бұл салаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстанды жаһандық логистикалық хабқа айналдыру үшін үш негізгі фактор – ауқымды инвестиция, заманауи инфрақұрылым және тиімді мемлекеттік басқару қажет екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты ол алдағы парламенттік тыңдауда аталған бағыт бойынша нақты ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев транзиттік әлеуетті дамыту еліміз үшін аса маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Бұл сала ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы қажет. Сол арқылы Қазақстан жаһан­дық сауда-логистикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға тиіс. Ол үшін ірі инвестициялар, сапалы инфрақұрылым және тиімді мемлекеттік басқару қажет. Сондықтан парламенттік тыңдау барысында мазмұнды әрі нәтижелі талқылау ұйымдастырудың мәні зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар осы аптада салалық комитеттердің отырыстары және сенаторлардың мүдделі мемле­кеттік органдармен бірлескен көшпелі кездесулері өтеді. Онда мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру мен олардың тиімділігін арттыру, мемле­кеттік тапсырмалар тетігі, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша кассациялық соттардың қызметі және өзге де мәселелер қаралады.

Іс-шарада бюро мүшелері 23 сәуірде өтетін палата отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес, алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасы мен Халықаралық Валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжаттың мақсаты – экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы ұлттық институционалдық әлеуетті нығайту.

Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Респуб­ликасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау ту­ралы» заң қаралады.

Сондай-ақ бюро отырысында депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды қарау үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.

М.ТӨЛЕУ