Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған кітап апталығы аясында кеше ел кітапхана­ларында «Кітапхана түні» акциясы өтті.
«Кітапхана түні» акциясы өтті
85
оқылды

Кітап апталығының бесінші күнінде кітапханаларда квест-ойындар, вернисаждар, зияткерлік сайыстар, шығармашылық кездесулер, поэзия кештері мен түрлі интерактивті бағдарлама ұсынылды. Атап айтқанда, Алматы қаласында «Айқас» зияткерлік ойыны ұйымдас­тырылды. Астанада «Кітапханадағы түнгі vibe» бағдар­ламасы өтті. Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарлама ұсынылды. Жам­был облысында «Түнгі кітап әлеміне саяхат» атты таным­дық іс-шара ұйымдастырылған. Түркістан облысында ақын Асылзат Арыстанбек пен композитор Жанар Болатбекованың қатысуымен поэзия кеші көптің көңілін көтерді. Аталған бағдарлама кітапхана қызметін жан­дандырып, кітап оқуды насихаттаудың заманауи үл­гілерін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ 18-19 сәуір күндері кітап апталығы ая­сында еліміздегі  кітапханаларда Weekend. Book. Vibes атауымен түрлі мазмұндағы іс-шаралар ұйымдастырылды.

Демалыс күндері кітап оқуды насихаттауға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және балалар мен жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға баса мән берілді. Еліміздің барлық өңірінде ашық аспан астында кітап оқуға арналған алаңдар, шығармалар негізінде түсірілген фильмдердің көрсетілімдері, кітап клубтарының басқосулары және түрлі бағдарлама ұсынылды.

Атап айтқанда, Астанада BookCrossing кітап алмасу акциясы ұйымдастырылды. Түркістан облысында көп­шілік «Көшпенділер» тарихи-көркем фильмі мен «Қо­быланды батыр» диафильмін тамашалады. Абай облы­сында «Кітап оқу алаңдары» акциясы мен «Демалыс пен кітап – шабыт үндестігі» атты поэзия кеші өткізілді. Ақ­мола облысында «Мен әлемді кітап арқылы білемін» әдеби кеші мен «Quiz book: Білім бәйгесі» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Жетісу облысында «Ақындар мұрасы» поэзия кеші өткізіліп, Қызылорда облысында «Кітап – сарқылмас қазына» оқу марафоны өтті. Жалпы, республика бойынша 500-ден астам іс-шара ұйым­дастырылып, оған 50 мыңға жуық адам қатысты.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ