Жақында қаланың 8 бірдей елді мекенінде газ құбыры жүргізіліп, жылыту маусымы штаттық режимде ойдағыдай өтті. Қаладағы жылу-электр стансалары да газ қуатымен жылытуға көшіп, аймақтың экологиялық жағдайы тұрақтанып келеді. Біз QazaqGaz Aimaq АҚ пресс-туры аясында сала жұмысымен етене танысып қайттық.
Алдымен қала іргесіндегі «Тельман» тұрғын алабына жеттік. Газ саласы мамандарының экологиялық қауіпсіз қаланы қалыптастыру жолында іске асырған маңызды жобасының бірі – «Тельман» тұрғын алабына көгілдір отынның жетуі. Былтыр қазан айында аталмыш аймақта газ құбырының құрылысы толықтай аяқталған еді. Жоба Астана қаласының Энергетика басқармасының қолдауы мен QazaqGaz Aimaq АҚ Астана өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында іске асты. Мәселен, Энергетика басқармасы тұрғын алабына дейінгі 6,8 шақырым газ құбырының құрылысын жүргізсе, QazaqGaz Aimaq тұрғын алаптағы 15 шақырымға жуық газ құбырын салуға атсалысқан. Жаңа тұрғын алабына көгілдір отын қосылғалы қаланың ауа сапасы да жақсарған. Қазір қаланың сақиналы айналмалы жолынан бастап Шерхан Мұртаза атындағы көше мен Ұлы дала даңғылының қиылысына дейінгі аралық газ реттегіш қондырларға қосылған. Тұрғын алабында 309 үй бар болса, оның 158-і сәуір айына дейін газға қосылып үлгерген. QazaqGaz Aimaq Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Болатбекұлы мұның жақсы көрсеткіш екенін жасырмады.
– Тұрғындар әдетте қыс қамын жазда ойлайды, халық қыс уақытында газға қосылмауы мүмкін. Тәжірибемізге сүйенсек, елді мекенге газ алғаш келгенде тұрғындардың тек 20-30 пайызы ғана белсенділік танытады. Астана халқы жылдам әрекет етті, газға қосылу қарқынды жүріп жатыр, соның нәтижесінде жұрт та газдың қызығын көре бастады. Жұмыстарымыз тоқтамайды, келесі қысқа дейін 100 пайыз межеге жетеміз деп ойлаймын. «Тельман» тұрғын алабында газ қысымын реттегіш қондырғының екеуі бар, бір қондырғы 300 үйге газ қысымын дайындап беруге қауқарлы,– дейді филиал басшысы.
Дрондар қауіпсіздікті күшейтті
Ержан Болатбекұлының айтуынша, газ реттегіш қондырғылардың заманауи талаптарға сай артықшылығы мол. Мәселен, «Тельман» тұрғын алабындағы екі шкафтық газ реттегіш пункт апаттық жағдайда бір-бірін алмастыра алады, екі жақтан да газ қысымын беруге дайын. QazaqGaz Aimaq мамандары газ құбырларын күтіп ұстау және қауіпсіздік мәселесіне де жіті көңіл бөліп отыр. Шкафтық газ реттегіш пункттің біріне барғанымызда арнайы апаттық құтқару қызметінің көлігін байқадық, арнайы мамандар қондырғылардың жұмысын күні-түні қадағалап отырады. Ал заманауи құралдар мамандардың ісін әлдеқайда жеңіл етіп, жұмыс сапасын арттырған. Ерекше құралдың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараты.
– BL-CH4 пилотсыз ұшу аппараты – газдың ауаға тарауын қашықтан анықтауға арналған әуе жүйесі. Аппарат қарапайым дрондар секілді ұшу, суретке түсіру т.б. жұмысты орындай алады, бізді қызықтырғаны – сарғыш лазер детекторы. Лазер детектор қондырғыдан 150 м қашықтықта газ қысымының жоғалуы байқалса, табиғи газ ауаға таралатын болса, бірден анықтайды. Құрылғы шектеулі кіру учаскелерін қоса алғанда, жерасты және жерүсті газ құбырларындағы газ ағып кетуін жедел анықтауға мүмкіндік береді, тексеру уақытын азайтады. Визуал тұрғыдан адам көзі микрожарықшақтарды көруге бейімделмеген, бірақ осы құрылғының көмегімен ақауды дер кезінде реттеп, апаттың алдын алуға болады, – дейді Ержан Болатбекұлы.
Астана мен Ақмола облысының қысы қатал әрі ұзақ өтеді, қыстың шамамен 7 ай боларын ескерсек, ұшқышсыз ұшу аппараты, расында да, талай шаруаны жеңілдетті. Әсіресе, құрылғы көктемгі су тасқыны кезінде, мамандар көлікпен немесе жаяу жете алмаған жағдайда дрондарды пайдалана алатын мүмкіндік туды. Одан бөлек, күнделікті тексеруші көліктер де жан-жақты жабдықталып, бабында тұр. Қауіпсіздік ережесін сақтау, қондырғыларды ұдайы бақылау-баптау нәтижесінде қала мен оған іргелес елді мекендерде жылыту маусымы ақаусыз, сәтті өтті.
– Былтыр алғашқы жылыту маусымын штаттық режимде өткіздік. Апаттық жағдайлар қарамағымызға жатпайтын жекеленген үй-жайларда ғана болды. Алғашқы қыс болғандықтан, кейде пеш өшіп қалады, кейде температурасын дұрыс қоймайды, тағы басқа сұрақтармен хабарласқан тұрғындар болды. Жеке-жеке кеңес беріп, келісімшарт бойынша газ құбырларын дәнекерлеу және қызмет көрсету компаниясын шақырту, ары қарай түсіндіру жұмыстарын өткізуге нұсқау береміз, – дейді Е.Болатбекұлы.
Газ келіп, жаз келді
Былтыр «Шұбар» тұрғын алабының тұрғындарына да көгілдір отын жетті. Алап 890 үйді қамтыса, сәуір айына дейін тұрғындардың 50 пайызы табиғи газға қосылып үлгерген. 2020 жылдан бастап Астана қаласы мен оған іргелес елді мекендерде газ құбырын жүргізу жұмысы кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Бүгінде Астанада «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар», «Теміржол», «Өнеркәсіп», «Оңтүстік-Шығыс», Потанин көшесі маңы, «Үркер» (ішінара), Family Village, «Тельман», «Кірпішті» және «Шұбар» тұрғын алаптары табиғи газға қосылып үлгерді. QazaqGaz Aimaq былтыр 8 бірдей елді мекенге газ құбырын толықтай жеткізді, бұл – кейінгі бес жылдықтағы ірі жетістіктің бірі, ауыл-аймақ халқы үшін зор қуаныш.

Біз бұдан ары қарай Астана маңайында орналасқан Қараөткел ауылындағы жағдаймен де таныс болдық. Ауыл халқы 2026 жылдың желтоқсан айында газға қол жеткізуге тиіс еді, қуанышымызға орай, жүйелі жұмыстардың арқасында құбыр құрылысы мерзімінен бір жыл ерте аяқталды. Тұрғындар ауылға көгілдір отынның ерте жеткеніне дән риза.
– Петропавл қаласынан 8 жыл бұрын көшіп келгенбіз, осы ауылдан үй салдық. Қараөткелге газ келеді дегенде қуанышым қойныма сыймады. Газды ерте қосады деп ойламадық, әлі бір жыл бар екен деп, алдын ала көмір алып қойғанбыз. Қазір бұл көмірді не істерімді білмей отырмын, – дейді ауыл тұрғыны Айдос Қайырұлы.
Тұрғындар енді көмір тасып, қысты арпалыспен өткізбейтініне қуанады. Бір сөзбен айтқанда, ауылға газ келіп, халық көңіліне жаз орнағандай.
– Қыс кезінде көмірге қаражат мол кетеді. Көмірді аламыз, оны тасып кіргіземіз, күлін шығарамыз, үйдің ішін шаң басады. Бәрі – қаншама машақаты мол жұмыс, қанша уақытыңды алады. Қазір газ қолжетімді, тамақты да газға пісіре аламыз.Үйдің іші жылы, немерелерім жерде емін-еркін ойнап жүр, – дейді А.Қайырұлы.
Оның есептеуінше, қыстан аман шығу үшін бір үйге кемінде 10 тонна көмір қажет, оған кемі 250 мың теңге қаржы кетеді. Бүгінде тұрғындар QazaqGaz Aimaq қосымшасы арқылы бөлме температурасын да оңай бақылап отырамыз дейді.
Биыл Қараөткелден бөлек, Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Қоянды сынды ауылдар мен тұрғын алаптарында да ірі жобалар іске асты. Бұл тұрғындардың экологиялық таза отын түріне көшуіне мүмкіндік беріп, баламалы жылу көзіне түсетін жүктемені азайтты. Қазір Қосшы қаласында да газдандыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Уақытша бірінші іске қосу кешені пайдалануға беріліп, 7 800 абонент табиғи газға қол жеткізіп үлгерді. осы жүйені одан әрі кеңейту, дамыту ісі жоспарда тұр, егер жоба тұрақты жалғасса, 10 мыңнан астам тұтынушыны газбен қамтуға болады. Сонымен қатар компанияның биылғы жоспарына сәйкес, «Өндіріс», «Казгородок» тұрғын алаптары, Garden Village қалашығы, Қызылсуат, Қаражар, Тайтөбе ауылдарына да газ құбыры тартылады. Қазір қаланы газдандыру жұмысы 80 пайызға жетті.
Экологиялық тұрғыдан тиімді шешім
Бұл сапарымызда қалада жаңадан бой көтерген «Тұран» газ жылу стансасына да бас сұқтық. Нысан қаланың сол жағалауында дамып келе жатқан Нұра ауданын жылуымен қамтамасыз етіп отыр. Станса 10 су қыздыру қазандығымен жабдықталған, газ тұтыну көлемі сағатына 80 мың текше метрге дейін жетеді.
– Станса 2023 жылдың соңында салынды. Қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр, тағы төртеуі жақында іске қосылады. Жалпы, жылу қуаты сағатына 600 гигакалорияға жетеді. Бұл станса Нұра және Есіл ауданының бір бөлігін жылумен қамтамасыз етеді, – деді станса басшысы Талғат Чубаев.
Бастысы, станса қаланың перспективалық аудандарын көмірсіз, басқа да зиянды қалдықсыз жылумен қамтып, толығымен табиғи газбен жұмыс істеп тұр. Бұл – экологиялық тұрғыдан ең тиімді шешім. QazaqGaz Aimaq мәліметінше, қазір Астана өндірістік филиалының теңгерімінде жалпы ұзындығы 2 278 шақырым газ тарату желісі бар. Оның 807 шақыры-мы – елорда аумағында, ал 1 471 шақырымы – Ақмола облысында орналасқан. 54 газ реттеу пункті, 263 шкафтық газ реттеу пункті және 1 160 жеке шкафтық пункт жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы дерекке сүйенсек, 13 мың тұрғын көгілдір отынға қосылса, биыл жүйеге қосылған абонент саны 21 844-ке жетіп отыр. Елорда жұртының көңілі тыныш, себебі экологиялық жүктеме айтарлықтай төмендеді, ауыл халқының да газдандыру жұмысына сенімі артып келеді. Алда газдандыру жұмысы сәтті жалғаса бермек.
Айсұлу СЪЕЗХАН
