Еліміздегі белгілі продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты жазба жариялап, оқырмандарды ойландырып қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
"Мен енді саған да, маған да, мен сен үшін жасағанның бәріне түкіруге жол бермеймін! "20 жыл KeshYOU" атты фильмнің үшінші бөлімін күтіңіздер. Оның сатқын екенін айтатын уақыт келген сыңайлы. Мен фильмде оның беделін көтеруге тырысып жүргенімде, ол біржақты шешіммен концертке қатысудан бас тартты", – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Аталмыш оқиғаға бұған дейін әнші Мөлдір Әуелбекова KeshYOU тобының алдағы концертіне қатыспайтынын хабарлағаны себеп болып отыр.
"Кешьюдің концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын.
Дегенмен осы 22 жыл ішінде мен Мөлдір Әуелбекова деген атты қалыптастырып, түрлі кезеңдерден өттім: сахнада да, әртүрлі лауазымдарда да қызмет атқарып, бизнеспен айналысып, кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралуға да үлгердім.
Менің өнер жолымның қалыптасуына үлес қосқан барша ұжымдарға, әріптестерге, жанымнан табылған адамдарға және ең әуелі өзімнің адал көрерменіме, халқымa алғысым шексіз.
Биыл өнерде жүргеніме 22 жыл, бұл аз да көп те емес, сол үшін бір есеп беру концертін беру менің міндетім. Сол үшін де концертімде жолыққанша менің тыңдарманым!
Қисынсыз шоу емес, талғам мен сапаға құрылған өнер кешінде кездесейік", – деді Мөлдір Әуелбекова.
