Актер Азамат Сатыбалды денсаулығы сыр бергенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аяқасты ауруханаға түсіп, шұғыл ота жасалған. Актер алдағы қойылымдарға қатыса алмайтынын айтып, көрерменнен кешірім сұрады.
«Ауырып тұрдым, аунап тұрдым. Кім білген, “Сұлтан Бейбарыс” спектаклін ойнай алмай қаламын деп. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы “Зулейха” спектаклін ойнап, үйге бардым. Келесі күні театрда спектакль ойнауым керек еді. Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы төртке дейін алыстым. Болмады. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей, дәрігерге «Спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма?» дедім. Ол болса «Бұл не деген сұмдық?» деп, басын ұстап таңғалды. «Қандай спектакль, тез арада ота жасау керек» деді. Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар», - деді актер.
Өнер иесі ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.
«Бір әттеген-ай бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды. Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысын асыл ағатай», - деді Азамат Сатыбалды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
