Қазіргі уақытта елімізде 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Тексеру барысында автодромдарда жол белгілері, жол таңбалары мен жарықтандырудың жеткіліксіз екені, сондай-ақ кейбір көлік құралдарының ақауы бар екені анықталды. Осы кемшіліктерді жою үшін 20 ұйғарым берілді.
Сонымен қатар жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөлікті пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды. Нәтижесінде, қазіргі таңда ІІМ Әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.
Автомектептердің есебін жүргізу және оқу топтарын тіркеу "Автомектеп" ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. "Автомектеп" АЖ көмегімен онлайн режимінде берілген куәліктің заңдылығын, сағаттық оқу бағдарламасын, оқу автокөлігін есепке алуды тексеруге болады.
Сонымен қатар оқу ұйымдарының қызметіне бақылауды одан әрі күшейту мақсатында автомектептерді ашудың хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуді, сондай-ақ олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін "Жол жүрісі туралы" заңға өзгеріс енгізу жөнінде заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
