Олар тек бірінші қабатта орналастыруды заңмен міндеттеу және эвакуациялық шығу жолына дейінгі 20 метр нормасының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет.
Сауда орталықтарындағы  ойын алаңдарын 1-қабатқа орналастыруды заңмен міндеттеу – Мархабат Жайымбет
www.istockphoto.com
82
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Олжас Бектеновке сауда орталықтарындағы ойын алаңдарының қолайсыздығын қозғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтіні жайында депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар қабылдау қажет.

– Қазіргі урбанизация дәуірінде сауда ойын-сауық орталықтары тек сауда орны емес, қоғамның әлеуметтік кеңістігіне айналды. Әсіресе, балалар ойын-сауық алаңдары ата-ананың сенімі мен баланың шат күлкісі тоғысқан ерекше орта. Алайда осы күлкінің астарында қауіпсіздік пен сапа мәселелері көлеңкеде қалып отыр. Мысалы, Қазақстан бойынша шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы мен 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде балалар ойын алаңы кеңінен таралғанымен, бірақ қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуінде күмән бар.

 Күн сайын мыңдаған бала ойын алаңдарына барады. Яғни, ірі орталықтарда және басқа да балалар ойын алаңдарына келушілер саны шамамен 100 мыңға жетсе, демалыс, мерекелік күндері 2-3 есеге асады. Ол жерде адам санына мән бермейді. Осындай үлкен ағында әрбір баланың қауіпсіздігі – тек талап емес, бұл мемлекеттің тікелей жауапкершілігі болуы тиіс, – деді Мархабат Жайымбетов.

 Депутат сауда орталықтарындағы 1-қабатта адам көп жүретіндіктен, жалға төлейтін ақысы да қымбат дейді.

– Қабат жоғарылаған сайын жалға алу арзандайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, кинотеатр мен балалар алаңы әдейі жоғарыға қойылады. Себебі адамдар сол жаққа бара жатып, жолда дүкендерді аралап өтеді. Бірақ мұндай тиімділік «қауіпсіздікке» қайшы. Адам көп жиналатын орындар бірінші қабатта болғаны дұрыс. Себебі  шынайы өмірде кейбір қауіпсіздік талаптары сақталмай жатады.

 Санитарлық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Балалар қолымен ұстап, бірге ойнайтын жабдықтар - тазалық сақталмаған жағдайда көзге көрінбейтін қауіп көзіне айналады. Жүйелі залалсыздандырудың жоқтығы түрлі инфекциялардың таралуына жол ашуы мүмкін. Мейрамханадағы балалар алаңдарының санитарлық талаптары  үлкен мәселе. Ал бұл  баланың денсаулығына тікелей қатер  деген ол ондағы қызмет көрсету сапасы мен баға саясаты да бірізділіктен алшақтығын қозғады. Кейбір ойын алаңдарына демалыс, мерекелік күндері әлеуметтік осал топтың балаларына жеңілдік қарастырылса, кейбіреуінде мүлдем жасамайтынын сөз етті.

– Қызметкерлердің кәсіби даярлығы көбіне талапқа сай емес, бұл төтенше жағдайда дұрыс әрекет етпеу қаупін арттырады. Сондықтан баланың қауіпсіздігі – кездейсоқтыққа емес, нақты жүйеге сүйенуі тиіс. Өз кезегінде, "AMANAT" партиясы балалардың қауіпсіздігі мен олардың әлеуметтік және ойын-сауық орталарында қорғалуын қамтамасыз ету маңызды міндет ретінде қарастырады.  Осыған байланысты келесі ұсыныстарды енгізу қажет.

Біріншіден, балалар ойын алаңдарын орналастыру талаптарын нақтылап, үлкен ойын-сауық алаңдарында оларды тек бірінші қабатта орналастыруды заңмен міндеттеу және эвакуациялық шығу жолына дейінгі 20 метр нормасының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет.

Екіншіден, санитарлық талаптарды күшейтіп, ойын жабдықтарын күніне кемінде екі рет міндетті түрде залалсыздандыру нормасын және лизенция алу тәртібін енгізу. Қажет болған жағдайда құзырлы органдармен талаптардың сақталуына қатысты ай сайын тексеру жоспарын бекітіп, ақпаратты көпшілікке ашық ұсыну.

Үшіншіден, ойын алаңдары қызметкерлері үшін міндетті кәсіби даярлық жүйесін қалыптастыру.

Төртіншіден, баға саясатын реттеп, қызмет құнының қалыптасуын ашық ету маңызды. Яғни, әлеуметтік осал топтағы балалардың барлығына барлық күнде бірдей жеңілдік қарастыру қажет, – дейді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін  Семей қаласындағы Balapark балалар ойын-сауық орталығында өрт шыққаны жайлы жазған болатынбыз. Бұл оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ.