Астанада «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» деген тақырыппен Өңірлік экологиялық саммит басталды.
Табиғат пен тағдыр сабақтастығы
105
оқылды

Ауқымды басқосуға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов келді. Сонымен қатар саммитке БҰҰ агенттіктерінің, жетекші халықаралық ұйымдардың және қаржы институттарының өкілдері қатысып жатыр.

Диалог алаңының мақсаты – эко­­жүйелерді, су және жер ресурс­та­рын қорғау, қалпына келтіру әрі бір­лесе пайдалану бойынша ке­шен­ді саясат пен тетіктерді қалып­тас­тыру, Орталық Азия өңірінің био­алуан­­түрлілігін сақтау. Саммиттің пле­нарлық отырысында сөз сөйле­ген Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара­ның мән-маңызын айрықша атап өтті.

– Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда пла­нетамызды қор­ғауға жауап­кер­ші­лікпен қарай­ты­нымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отыр­мыз. Орнықты даму үшін ортақ көз­қарас қалып­тас­тыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұ­ны өңір елдері те­рең түсінеді. Қазіргі эко­логия тек кли­мат мәселесімен шек­телмейді. Бұл – адамзат тірші­лі­гі­нің түп негізі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, қазіргі беталысы беймәлім, ау­малы-төкпелі кезеңнің зардабы өңір­­лік және жаһандық тұрақ­ты­лық­­қа, миллиондаған адамның тұр­­­­­­мыс сапасына ауыр тиіп тұр. Бұл рет­те ха­лықаралық қоғамдастық ерек­ше рөл атқарады. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев геосаясат пен эколо­гия­ның байланысын да ашып көр­сетті.

– Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бө­лісеміз. Орталық Азия мен көр­ші­лес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айт­қанда: су тапшылығы мен су ре­сурс­тарын тиімсіз басқару; шөлейттену; мұз­дықтардың еруі; ауаның лас­тануы; биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселе­лерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін, – деді Прези­дент.

Жаһандық мәселелерден еліміз­дегі нақты шараларға ойысқан Мем­­­­лекет басшысы Қазақстанның бұл мәселеге заңнамалық деңгейде ай­рықша мән беретінін мәлімдеді. Жаңа Конституцияда қоршаған ор­та­ны қорғау мемлекеттік саясат пен аза­маттық жауапкершіліктің негізгі қа­ғидаттарының бірі ретінде ай­қын­далғанын айтты. Яғни, біз үшін эко­логиялық қауіпсіздік пен өсіп-өр­кендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлт­­тық сана-сезімнің ажырамас бө­­лігі және ұзақмерзімді даму стра­те­­гиясының арқауы деп қарастыры­ла­ды. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның экология­лық таза энергия өндірісіне көшу, биоалуантүрлілікті қорғау, тозған жер­лерді қалпына келтіру,  су  ресур­с­тарын басқару жүйелерін жетілдіру, су үнемдеу саясатын енгізу және қор­шаған ортаны қорғау сала­сын­да­ғы өңірлік ынтымақтастықты ны­ғайту бағытында бірқатар шара­лар­ды қолға алғанын тізіп өтті. Де­генмен ешбір ел жалғыз жортып та­­­бысқа жете алмайтыны хақ. Сон­дықтан Президент аймақтық және әлем­дік деңгейде күш жұмылдыруға баса мән берілетінін, бұл міндет нақ­ты іс, жаңа технологияларды игеру жә­не тұрақты дамуға ұзақ­мер­зімді инвестиция салу арқылы орын­далатынын тілге тиек етті. Мұн­дағы негізгі басымдық – әділ жә­не тең­құқылы энергетикалық мо­дельге көшу. Еліміздің энерге­ти­ка­лық әлеуеті мен су қауіпсіздігі ту­ралы Мем­лекет басшысы нақты сан­дарды алға тартты.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда элек­­тр қуатының 7 пайыздан астамы жаңар­тылатын энергия көздерінен алына­ды. 2030 жылға қарай бұл көр­сеткішті 15 па­йыздан асыруды жоспарлап отыр­­мыз. Біз мұнай-газ қоры мол мем­лекет­тердің қатарына кіреміз. Соған қа­ра­мас­тан, еліміз орнықты энергетика мақ­саттарынан айнымайды. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамы­туды құп­тайды. Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жа­тырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр стан­­цияларын жаңғыртуды қолға ал­дық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге бо­латынын көрсетеді. Бүгінде Сол­түстік Арал­дың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, ба­лық қоры молайды, маңай­дағы елді ме­кендердің тұрмыс-тір­шілігіне қан жүгірді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су тақырыбын әрі қарай өрбіткен Мем­лекет басшысы Каспий теңізінің тағдырына да алаң­даушылық білдірді. Теңіз айдынын қор­ғаудың аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақ­тау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызды екенін ес­кертті.

– Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, биоалуантүрлілікті сақтау – эко­логиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берген. Жо­йылу қаупі төнген ақбөкендер қай­­та көбейген. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жеткен. Еліміз халықаралық серік­тестермен бірлесіп, басқа да сирек кез­десетін жан-жануарлардың: мысалы, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының по­пуляциясын қалпына келтіруге кі­ріс­кен. Орман алқаптарын ұлғайту да Қазақстанның экологиялық күн тәр­тібіндегі басым міндеттерінің біріне айналған. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш егілген.

– Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлт­тық қозғалысына бастамашы бол­дық. Халықтық сипат алған науқан­ның мақ­саты – экологиялық сана қа­лып­тас­тыру, азаматтық жауапкер­шілікті арт­тыру. Қозғалысқа мил­лион­даған ерік­ті қосылды. Менің ойым­ша, олар – Қазақстанның нағыз пат­риоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жария­ланды. Тұрақты даму мүддесіне сай келе­тін бұл бастаманы толық қолдаймыз. Елі­міздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған, – деді Президент.

Жаңа технология бағытына да тоқ­талған Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елі­мізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын айтты. Президент жасанды интеллект кө­мегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес деп есептейді. Өйткені ол табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады. Сол себепті Қазақстан аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдауға қашан да дайын.

– Таразы басында адамзаттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл – жай ғана экологиялық мақ­сат емес, керісінше, адами парыз, эко­номикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы ст­ра­тегиялық басымдық. Осы орайда ор­нықты келешек қалыптастыруда мынадай негізгі қағидаттарға арқа сүйеген жөн: халқымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік; шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық; ресурстарға, технологиялар мен мүм­кін­діктерге теңдей қол жеткізетін әді­леттілік; нәтижесі көзге көрінетін нақты шаралар; ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік. Саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы және бірқатар маңызды келісім қабылданады. Бұл біздің аталған қағидаттарды берік ұстанатынымызды және аймақтық экологиялық серіктестікті нығайтуға қадам басқанымызды дәлелдейді.

Бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі бірлескен нақты бастамаларға не­гіз болатынына сенімдімін. Осылайша, халықтарымыздың игілігіне қыз­мет ететін баянды болашақтың іргесін қалаймыз, – деп сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы жиын жұмысына табыс тіледі.