Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон саясатын жетілдіру және елге жоғары білікті мамандар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Басты басымдық – адами капиталдың сапасын арттыру
97
оқылды

Оның айтуынша, елімізде инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар үшін жеңілдетілген виза режимі сақталып отыр.

«Еліміз орнықты әлеуметтік эко­номикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында көші-қон саясатын кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді. Осы бағытта­ғы маңызды шешімдердің бірі ретінде 2026 жылғы 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдауды реттейтін қосымша шаралар енгізілді. Еліміз үшін басты басымдықтың бірі – адами капиталдың сапасын арттыру. Сондықтан Қазақстан инвесторлар мен сұраныстағы мамандық иелері үшін жеңілдетілген тәртіп сақтап отыр.

Инвесторлар үшін бұрынғыдай арнайы визалар қарастырылған. Атап айтқанда, инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне А5 және А6 санатындағы визалар беріледі. Бұл инвесторлардың Қазақстан экономикасына еркін келіп, бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашатын маңызды қадам деп санаймыз. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандық иелеріне де арнайы визалар көзделген. Оның ішінде тұрақты тұруға рұқсат алуға мүмкіндік беретін санат та бар. Олардың қатарында нейрохирургтер, гематологтар, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, бактериологтар, графикалық анимация техниктері және басқалар бар.

Бүгінде аталған тізімге 51 мамандық енген. Бірақ бұл өзгермейтін тізім емес. Экономиканың сұранысына қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Қазір көші-қон саясаты тұжырым­дамасын 2030 жылға дейін іске асыру аясында аталған тізімді жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс биылғы жылдың соңына дейін аяқталады», – деді министр.

Аида Балаева атап өткендей, мұндай тәсіл экономикадағы өзгерістерге жедел әрекет етуге және нақты сұранысқа ие мамандарды тартуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар елде жоғары білікті мамандарға жаңа виза форматтары енгізі­ліп жатыр. Бұл қадам елімізге танымал таланттарды, озық білім мен заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

Соның нәтижесінде инвестиция көле­мі артып, жаңа технологиялар дамып, экономикадағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ салалық уәкілетті мем­лекеттік органдардың негізделген өті­нішхаты арқылы да Қазақстанға жеңіл­детілген тәртіппен кіре алады.

Қабылданып жатқан барлық шешімнің түпкі мақсаты мемлекет, бизнес және қоғам мүддесінің теңгерімін сақтауға бағытталған. Қазақстан адами капиталды тартуға және тұрақты дамуға негізделген заманауи, ашық әрі икемді көші-қон саясатын қалыптастырып жатыр», – деді Аида Балаева.

Інжу ӘЛИХАН