2026 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша жастар практикасы бойынша 2 655 жас маман жұмысқа кірісті, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Жастар практикасы бойынша қамтылғандардың ең көбі Түркістан (754 адам), Ақтөбе (197 адам), Алматы (168 адам), Қызылорда (165 адам) облыстарында және Шымкент қаласында (239 адам) тіркелген.
Жастар практикасына қатысатын ауыл тұрғындарының үлесі – 1,6 мың адамды немесе 59,7%-ды құрайды.
Алынған мамандық (біліктілік) бойынша бастапқы еңбек тәжірибесін жинақтау мақсатында білім беру ұйымдарын аяқтаған, жасы 35-тен аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасының қатысушылары бола алады. Ол үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.
Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін үйрету үшін тәлімгер бекітеді.
Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 129 мың теңгені құрайды.
Жастар практикасын қаржыландыру Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жүзеге асырылады, жалақы ай сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы төленеді. Төлем жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде қатысушылардың екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдағы (карточкалық) шоттарына қаражат аудару арқылы жүргізіледі.
Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: медицина қызметкерлері – 270 адам, заңгер – 130 адам, шет тілі мұғалімі – 104 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 96 адам, дене шынықтыру және спорт мұғалімі – 87 адам, техник-бағдарламашы – 82 адам, аспаз – 82 адам.
Жастар практикасының тиімділігін нақты көрсететін жарқын мысалдардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Аминат Бақытбекқызының тәжірибесі. Ол осы мемлекеттік қолдау тетігінің пайдасын көріп, бағдарламаға жоғары бағасын берді.
«2024 жылы К.Нұрғалиев атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқуды бітіргеннен кейін бірден мансап орталығына жүгініп, сол жерде жұмыссыз ретінде тіркелдім. Кейін маған «Күршім ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жастар практикасы аясында жұмысқа жолдама берілді. Бір жыл өткен соң мені тұрақты жұмысқа қабылдады. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, жастар практикасы секілді бағдарламалар шынымен де тиімді – олар жұмыс тәжірибесін жинақтауға және мамандықты жақсы меңгеруге үлкен мүмкіндік береді», – деді Аминат.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
