Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында өткен дән себу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және ардагерлер қатысып, тілектестігін білдірді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Жалпы, биылғы науқанға Қызылорда облысы бойынша 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көзделген. Оның ішінде дәнді дақылдар – 89,7 мың гектар, майлы дақылдар – 6,1 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,2 мың гектар, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 16,8 мың гектарды құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылғы жауапты кезеңге суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру ісі үлкен басымдыққа ие. Негізгі вегетация кезеңіне облыстың егіс алқаптарын суаруға 3,2 млрд текше метр су лимиті бөлінді. Соған сәйкес биыл күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланып, оның орнына су үнемдеуге бейім, әрі өнімділігі жоғары жүгері алқаптарын ұлғайту қарастырылуда.

Соңғы жылдары өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 4 есе артып, 16,7 мың гектарға дейін жеткізілген. Осының негізінде аймақта ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, облысқа қарасты Жалағаш ауданынан «Харвест Агро» серіктестігі жүгері, соя және техникалық қарасора егіп, 21 мың гектарға агрокластер қалыптастыруға бетбұрыс жасаса, Шиелі ауданы аумағынан «Центр семеноводства» серіктестігі 10 мың гектар жерге жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Сонымен қатар «Таң ЛТД» серіктестігі 3 мың гектарға жүгеріні тамшылатып суару технологиясымен өсіруді қолға алып жатыр.

Даңғайыр диқандар нақты кезеңде ерте егілетін дақылдар толықтай себіліп бітуге жақын қалғанын мәлімдеп отыр. Оған қажетті тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармай көлемі жеткілікті. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына 3 975 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері биылға 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берген. Оның 10,1 мың тоннасы көктемгі егіс жұмыстарына белгіленсе, 11,6 мың тоннасы күзгі орақ науқанына бағытталған.

Осы орайда өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бастамасын қолға алған шаруашылықтарды қолдау мақсатында алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғанын айрықша атап өтуге болады. Оның 10 млрд теңгеге жуығы биылғы науқанға бөлініп отыр.
Шара барысында қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары және озық технологиялар көрмесі таныстырылды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
