Бұл үйлер Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Көктем ықшамауданында орналасқан.
Халық қалаулысы азаматтарды алаңдатқан маңызды мәселеге бейжай қарамай, тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселенің түйінін тарқату ісіне аянбай атсалысты. Осылайша, жаңа қонысқа ие болған жандардың бірі – көпбалалы ана Алмагүл Тастанбекова. Ол көп жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған еді.
«Мен – жалғызбасты анамын, 6 балам бар. Үлкенім – 20 жаста, екінші балам – студент. 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. 13 жыл пәтер жалдап келдік. Өзім аспаз көмекшісі болып жұмыс істеймін. Биыл наурыз айында Нұрлыбек Даралиев шаңырағымызға келіп, жағдайымызбен танысты. Тиісті көмек көрсетілетінін айтты. Шынымды айтсам, алғашында сенбедім. Ал бүгін балаларыммен бірге жаңа үйдің кілтін алып тұрмын. Қуанышымда шек жоқ», – деді ол.
Халық қалаулысы Нұрлыбек Даралиев тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін алғаш рет пандемия кезінде ойға алыпты.

«Пандемия кезінде көп адам өмірден өтті. Сол тұста үлкендердің «балаларымның, немерелерімнің баспанасы болса екен» деген тілегін жиі еститінбіз. Осы аманатты орындау үшін игі істі қолға алдық. Кәсіпкер достарыммен, сыныптастарыммен бірігіп, азаматтарға пайдалы істі бастадық. Басты мақсат – қоғамда жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Қайырымдылық – бір реттік әрекет емес, ол – саналы таңдау, өмір салты», – деді депутат.
Берілген екі бөлмелі үйлердің әрқайсысы – 60 шаршы метр. Оған газ, су және электр жүйелері жүргізілді. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра береді.
