Бұл сауда тізбегіне өнімсіз делдалдарды жосықсыз қоспауға, қосқан күнде жауапкершілікке алып келеді.
Қарағандыда базарды цифрландыру арқылы делдалдарға қарсы күрес күшейді
84
оқылды

Премьер-министрдің базарлардағы өнімсіз делдармен күрес жұмысын күшейту тапсырмасы бойынша ҚР СИМ Сауда комитеті әр өңірмен жеке жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

21 сәуір күні ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Қарағанды қаласындағы көтерме және әмбебап базарларды аралап, Қарағанды және Ұлытау облыстарының бизнес өкілдері, базар иелері және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен жергілікті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жиын өткізді.

Базарлардағы жасырын схемаларды жоюдың негізгі іргетасы – сауда нысандарындағы процесстерді цифрландыру, базарларды жаңғырту және сауда инфрақұрылымын жақсарту.

Осы мақсатта өткен жылдан бері Сауда ережесі толықтырылып, базар әкімшілігі барлық жұмыс процессін арнайы ақпараттық жүйе арқылы цифрлық базада жүргузу міндеттеледі. Яғни базар әкімшілігі мен жалға алушы арасындағы келісім-шарт, ай сайынғы төлем ақпараттық жүйе арқылы жасалып, барлық келісім ашық болуы қажет. Бұл сауда тізбегіне өнімсіз делдалдарды жосықсыз қоспауға, қосқан күнде жауапкершілікке алып келеді.

«Өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажет. Мемлекеттік кірістер департаменті, ішкі істер, монополияға қарсы күрес, сауда департаменті өңірдегі сауда тізбегін ретке келтіруі керек. Комиссияға әкім орынбасары жетекшілік етеді. Өңірлерді аралап келе жатырмын. Тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен сауда жасап отырған адамдар бар. Делдалдық схема көз алдарыңызда өтіп жатыр. Соған көз жұма қарап отырған әріптестеріміз бар»,- деп сынға алды Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.

Қарағанды облысында жыл басынан бері 25, ал Ұлытау облысында 16 өңірлік комиссияның отырысы өткен. Нәтижесінде Қарағандыда 41, Ұлытауда 44 өнімсіз делдал анықталған. Аталған дерек бойынша 2 өңірде де өнімсіз делдалдар сауда тізбегінен шығарылды.

Ернұр Жәутікбаев Қарағанды қаласындағы мемлекеттік қолдау алып, жаңғыртудан өтіп жатқан «Горняк» базарына барды. Базар иесі Ләззат Бейсен 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алып, жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр.

«Базарды жаңғырту жұмысына мемлекеттік қолдауды өткен жылы алдым. Қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін жаңғыртуды аяқтауды жоспарлап отырмын. 4200 шаршы метрлік жабық базар салып жатырмыз. Бұл біріншіден базарда тұрған сатушыларға, халыққа жағдай жасау. Екіншіден, жаңғыртылған базар – заман талабы. Базарды жалға алушылардан бөлек 50-80 адамға жұмыс орны құрылады. Оның ішінде техникалық қызметкерлер, күзет және әкімшілік бар», - деді Ләззат Бейсен.

Жалпы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қолдау аясында 1,7 миллиард теңге болатын 9 жоба мақұлданған. Оның жетеуі (1,4 миллиард теңге) инвестициялық жобаларға, яғни сауда нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталған. Қалған екеуі айналым қаражатын толықтыруға мақұлданған.

Еске сала кетейік, өткен жылдан бастап алғаш рет сауда саласына мемлекеттік қолдау тетігі енгізілді. Содан бері жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгені құрайтын 458 жоба субсидияланды, жобалар портфелінің жалпы көлемі 67,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге мақұлданған.

«Мемлекеттік қолдау шаралары сауда инфрақұрылым жаңғырта отырып, сауда тізбегін ашық қылуға бағытталған. Одан бөлек мемлекеттік қолдау алушыларға қарсы міндеттер бар. Ең алдымен отандық тауар өндірушілерді қолдау. Сондай-ақ жұмысын енді бастаған тауар өндірушіге мемлекеттік қолдау алған кәсіпкер 6 ай бойы сөрені тегін, жеңілдетілген шарттармен беруі керек», - деді Ернұр Жәутікбаев.

Қарағанды қаласына жұмыс сапары аясында сауда комитетінің төрағасы «Алтын арба», көтерме «Шығыс» базарларына барып, «Сарыарқа» ӘКК тұрақтандыру қорын аралады. Өңірдегі инфляциялық жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік тауарлар бағасын тұрақты ұстап отыруға бағыттарған әлеуметтік павильон жұмысымен танысты.