Атыраудағы «Кітап FEST» фестивалі өңірдің мәдени өміріндегі айшықты оқиғаның біріне айналды.
Атыраудың 10 жастағы тұрғыны бір жылда 60-тан астам кітап оқыған
Фото: gov.kz
94
оқылды

Бұл фестиваль алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – оқу мәдениетін насихаттап, қоғамның кітапқа деген қызығушылығын арттыру,  – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, кітапсүйер белсенді оқырмандарды атап өтті.

Марапатталғандар қатарында 110-нан астам кітап оқыған Мұхамбетәлиевтер отбасы бар. Олар «Оқырман отбасы» номинациясын иеленді. Ал бос уақытта кітап оқуды дәстүрге айналдырған Исағалиевтер «Ең көп оқитын отбасы» атанды.

Жас оқырмандарға да айрықша назар аударылды. Үшінші сынып оқушысы Иманәлі Самиғолла бір жылда 60-тан астам кітап оқып, «Ең жас оқырман – 2026» номинациясына ие болды. Ал 18 жастағы Фатима Мұқанова 155 кітап оқып, «Үздік кітапқұмар – 2026» атанды.

Үздік оқырмандар қатарында Айя Әжіғалиева мен 7 жасар Әли Мұхамбет те бар. Ол «Бүлдіршін оқырман – 2026» номинациясымен марапатталды.

Атыраулық Есжан Ақсеріковтің кітапқа құштарлығы да көпке үлгі болардай. Жасы 87-ге таяған ақсақал осы күнге дейін 450 кітап оқыған. Қария тарихи және көркем әдебиеттерді қош көреді.

Ал Жасұлан Тұрашев — 2024 жылдан бері Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөлімінің тұрақты оқырманы. Ол Брайль қарпімен және аудиоформатта 150 кітап оқыған.

Фестиваль аясында белсенді оқырмандар Төлеген Жаңабай, Аяла Жауылбай, Аягөз Шарухан, Лаура Дулатқызы, Гүлсана Бағытжанова, Орынхан Қанатбайқызы да марапатталды.

Шараға қатысқан барлық оқырманға алғыс хаттар табысталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.