Сонымен қатар авторлар Абдулла Розыбакиевтің еңбегін жоққа шығармай, оның есімін ұлықтаудың басқа да жолдарын қарастыруды ұсынған.
Алматыдағы ірі көшеге Мұхтар Шаханов есімін беру жөнінде петиция жарияланды
90
оқылды

Алматыдағы ірі көшелердің бірі – Абдулла Розыбакиев көшесінің атауын Мұхтар Шахановтың есімімен алмастыру жөнінде петиция жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Петиция авторлары Мұхтар Шахановтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесін, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғаудағы еңбегін және Желтоқсан оқиғасын тарихи тұрғыдан ақтаудағы рөлін ерекше атап өткен.

Қазіргі уақытта бастаманы 308 адам қолдаса, 81 адам қарсы пікір білдірген. Өтініш мәтінінде Шахановтың есімін қала картасында мәңгі қалдыру ел тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарды қорғаған тұлғаға көрсетілетін лайықты құрмет екені айтылған.

Бастама көтерушілердің пікірінше, ұзындығы шамамен 7 шақырымды құрайтын бұл көше қаладағы маңызды білім беру және қоғамдық нысандарды байланыстырып жатыр. Сондықтан ол М. Шаханов секілді ірі тұлғаның деңгейіне сай келеді.

Сонымен қатар авторлар Абдулла Розыбакиевтің еңбегін жоққа шығармай, оның есімін ұлықтаудың басқа да жолдарын қарастыруды ұсынған.

Аталған петиция Алматы қаласының ономастикалық комиссиясына жолданған. Егер бастама қолдау тапса, мәселе қоғамдық талқылауға шығарылып, кейін қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылады.