Үш күнге созылған маңызды іс-шара Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ұйымдастырылды.
Ұлттық ұлан психологтері  Ақтөбеде тәжірибе алмасты
97
оқылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психолог мамандары Ақтөбе қаласына жиналып, оқу-әдістемелік жиын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аталған жиынға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Орал қалаларында орналасқан әскери бөлімдердің психологтері қатысты. Үш күнге созылған маңызды іс-шара Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ұйымдастырылды.

Оқу-әдістемелік жиынның негізгі мақсаты – әскери психологтердің кәсіби деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу және әскери қызметшілерге көрсетілетін психологиялық қолдау тетіктерін жетілдіру.

Жиын барысында университеттің білікті оқытушылары мен мамандары әскери қызметшілердің психоэмоционалдық жай-күйін бағалау, күйзеліс пен дағдарыс жағдайларында психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ әскери ортада тиімді коммуникация орнату бағытында дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізді.

Іс-шараны ұйымдастырушы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының бастығы, полковник Жандос Құлбаевтың айтуынша, мұндай оқу-әдістемелік жиындар әскери психологтердің кәсіби даярлығын жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бүгінде әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығы – жауынгерлік әзірліктің маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан біз психолог мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз. Осындай жиындар тәжірибе алмасуға, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге және қызмет сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Бұл – сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі, – деді полковник Жандос Құлбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-әдістемелік жиындар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әскери психологтердің қызмет тиімділігін арттыруға оң ықпал етпек.