Іс-шара ғылымды дамыту, ғылым мен бизнес өзара іс-қимылын кеңейту, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру мәселелеріне арналды.
Ғылым мен бизнес интеграциясы: Астанада маңызды халықаралық конференция өтті
113
оқылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында ғылым, бизнес, мемлекеттік органдар және халықаралық сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің басын қосқан «SCIENCE & BUSINESS» V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара ғылымды дамыту, ғылым мен бизнес өзара іс-қимылын кеңейту, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру мәселелеріне арналды.

Халықаралық конференция Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Жалын» ғылыми-өндірістік-техникалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Пленарлық отырыс барысында ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың құттықтау сөзін ҚР ҰҒА вице-президенті Абай Серікқанов жеткізді.

Академия президентінің сөзінде: «Ғылымды коммерцияландыру – зерттеудің соңғы кезеңі емес, зертхана мен өндірісті байланыстыратын ажырамас бөлігі. Біздің міндетіміз – қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері жаңа индустриялардың негізіне айналып, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сапасын арттыратын жағдай жасау», – деп атап өтілді.

Конференция ғылымның практикалық тиімділігін арттыру, қолданбалы зерттеулерді дамыту және инновациялық белсенділікті ынталандыру мәселелерін талқылауға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды. Қатысушылардың назарында технологиялар трансфері, ғылыми әзірлемелерді нарыққа шығару, сондай-ақ ғылыми қауымдастық, мемлекеттік институттар және кәсіпкерлік сектор арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды.

Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, даму институттарының, жетекші ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ бизнес, индустрия және өндіріс саласының қызметкерлері қатысты. Халықаралық сарапшылар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және технологиялық трансфер саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды күн тәртібіне елеулі үлес қосты.

Іс-шара бағдарламасына пленарлық отырыс, тақырыптық баяндамалар мен презентациялар, ғылыми жетістіктер көрмесі және ғылымды коммерцияландыруға арналған форсайт-сессия кірді. Көрме аясында қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері, ғылыми зерттеу нәтижелері және өнеркәсіп пен экономикаға енгізуге бағытталған шешімдер ұсынылды.

Форсайт-сессияға ерекше назар аударылып, технологиялық дайындық деңгейі жоғары (TRL 4–7) жобалар таныстырылды. Бұл формат технология әзірлеушілер мен әлеуетті индустриялық серіктестер арасында тікелей диалог орнатуға және ғылыми шешімдерді нарыққа жедел шығару тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Конференция ғылыми-технологиялық дамудың кең ауқымды басым бағыттарын қамтыды, оның ішінде экология және табиғатты ұтымды пайдалану, энергетика және жаңа материалдар, цифрлық және ғарыштық технологиялар, агроөнеркәсіптік кешен, биомедицина, сондай-ақ жасанды интеллект пен нейрожелілік технологиялар бар.

«SCIENCE & BUSINESS» конференциясын өткізу ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы тиімді өзара іс-қимыл моделін дамытуға жоғары қызығушылық бар екенін көрсетті және Қазақстан Республикасында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың жүйелі экожүйесін қалыптастырудағы нақты қадамға айналды.

Аталған шара ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында өткізілді. Мерейтойлық жиындар мен ғылыми шаралардың бас демеушісі ZHANYKULOV FOUNDATION Қоры.