Павлодарлық Анастасия Кулик өз өмірі бір-ақ күнде өзгеріп шыға келетінін білмеген. Пәтерінің төлей алмаған ол бейнежазбасының арқасында пәтерлі болады, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Кaz.inform.kz сілтеме жасап.
Жастайынан жетімдер үйінде тәрбиеленген ол мейірбан жандардың көмегінің арқасында көптен армандаған пәтерін сатып алды.
32 жастағы Анастасияның айтуынша, жетімдер үйінде тәрбиеленген кішкентайынан тағдыр тауқыметін бастан кешірген. Басында баспанасы, жанында көмектесетін бірде-бір жақыны болмаған.
Жалақысы ішіп-жемінен артылмаған ол пәтерінің құнын әрең төлеп жүрген. Бірде қарызға батқан ол Instagram-дағы парақшасында өзінің арманы жайында видео жариялайды.
«Егер тым болмағанда 30 мың адам маған 200 теңгеден аударса, менің жеке пәтерім болар еді. Шағын ғана болса да мені шексіз қуанышқа бөлейтіні анық. Әлемге, ондағы адамдардың шексіз мейірбандығына сенемін» дейді ол бейнежазбада.
Небәрі 5 мыңдай ғана жазылушысы бар оның бұл бейнеролигі сол сәтте ғаламторды шарлап, мыңдаған адамға тарап кеткен. Бейнеролик жарияланған сәттен бастап мүлде бейтаныс адамдар оның есепшотына ақша аудара бастаған. Ал арада тәулік өткенде Анастасияның шотында бір пәтердің құнына жететін ақша жиналған.
- Мұндай таңғажайып оқиға өмірімде пайда бола қалғанына әлі күнге сене алар емеспін. Әуел баста банктен мәжбүрлі түрде ақшалай несие рәсімдеген едім. Оған құны 5,5 млн теңге тұратын, аумағы 20,5 шаршы метр бір бөлмелі шағын пәтер сатып алдым. Ал қазақстандықтар маған бір тәулік ішінде 8 млн теңгеден астам қаражат жиып береді деп кім ойлаған!? 18 сәуір күні жиналған ақшадан банктен алған несиемді, яғни үйдің құнын толықтай өтедім. Қалған қаражаттың бір бөлігін пәтерімді жөндеуге жұмсап жатырмын. Сондай-ақ анам мен әжемнің зираттарының басындағы ескерткіштерін (крест) жаңалайтын ойым бар. Маған осы күндері көмек сұрап хабарласқандар бар. Қатерлі дертке шалдыққан екі адамға қаражат аудардым. Ал адамдар маған әлі күнге ақша аударуларын қояр емес. Сондықтан мен ақша жинауды тоқтаттым. Бұл уақытқа дейін маған көмек көрсеткен адамдарға алғысым шексіз! Мейірбан жандардың айналамызда көп екеніне көзім жетті, - дейді Анастасия.
