Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сот үкіміне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа мүлікті тәркілеп, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес бұл жаза шартты деп танылып, оған пробациялық бақылау белгіленді.
Ал оның жұбайы Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Кішкентай балаларының болуына байланысты үкімнің орындалуы 2 жылға кейінге шегерілді. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болады.
Айта кеткен жөн, бұған дейін прокурор ерлі-зайыптыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Дегенмен сот барысында мемлекеттік айыптаушы жаза мерзімін жеңілдетті. Сондай-ақ айыпталушылар 247 миллион теңге көлеміндегі келтірілген мүліктік шығынды өтеген.
