Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында еңбек нарығының өзгеруі мен жасанды интеллектіні енгізуді ескере отырып, жоғары білімді кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. Алқалы жиында негізгі баяндаманы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасады.
ЖИ дәуірі: еңбек нарығына қарай бейімделу қажет
116
оқылды

Жиында Дания Еспаева жаңа Конституцияда адами капитал, білім беру, ғылым мен инно­вацияны дамытудың стратегиялық басымдығы бекітілгенін атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшы­сы елдің технологиялық дамуын қам­тамасыз етуге қабілетті инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың маңызына бірнеше рет тоқталған болатын.

Еңбек министрлігінің дерегіне сүйенсек, жасанды интеллект Қазақстанда жүздеген кә­сіпке әсерін тигізеді, олардың біразы қысқара­ды, біразы өзгеріске ұшырайды, ал кейбіреуі жойылып кетеді.  

– Сонымен қатар жасанды интеллект пен экономика салаларының қиылысында жаңа мамандықтар қалыптасуда, алдағы жылдары оларға сұраныс өсе бастайды. Экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллектіні жедел енгізу жоғары білім беру жүйесінен цифр­ландыру және автоматтандыру жағдайларында маман даярлау мүмкіндігін  талап етеді. Осы мақсатпен жоғары білімнің қолжетімділігі айтарлықтай кеңейіп, мемлекеттік қолдау күшейтілді, – деді Мәжіліс Төрағасының орын­басары.

Алайда Дания Еспаева қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өзекті мәселе бар екеніне назар аударды. Ол еңбек нарығын­дағы сұранысқа ұзақмерзімді болжам жасал­мағанын, соның салдарынан білім беру жүйесі еңбек нарығының трансформациясына ілесе алмай отырғанын атап өтті. Сондай-ақ демо­графиялық жүктеменің артуы, оқу жоспар­ларының жеткілікті деңгейде жаңармауы және жастардың инженерлік мамандықтарды таңдауға деген құлшынысының төмендігі басты мәселелердің бірі ретінде тілге тиек етілді.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Қаскин кадр даярлау мәселесі бойынша жүргізілген аудит қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі жоғары білім жүйесі нәтижеден гөрі процесті көбірек қаржылан­дырып отыр. Негізгі міндет тек грант пен шы­ғынды көбейту емес, сапаны нақты бақылауды және бірыңғай цифрлық есепті қалыптастыру, мемлекеттік тапсырысты еңбек нарығымен сабақтастыру болуға тиіс.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында қалыптасқан жағдай білім беру бағдарламаларын жедел жаңартуға мүмкіндік беретін, икемді реттеу моделіне көшуді талап ететінін айтты.

– Жаңа кәсіптер атласы бойынша жұмыс аяқталды. Өңірлік атластар экономиканың 27 саласын қамтып, жаңа кәсіптердің жасанды интеллект, цифрландыру, орнықты даму және автоматтандыру бағыттарында қалыптасып жатқанын, ал бірсарынды еңбектің рөлі төмен­деуге бет алғанын айқын көрсетіп отыр. Жалпы, осы атластардың негізінде 1 750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Осылайша, біз болжауды, білім беру жүйесі мен еңбек нарығын біртұтас логикамен байланыстыратын жүйе қа­лыптастырдық. Сөйтіп, келесі кезеңге, яғни еңбек нарығын предиктивті талдауға көшіп отырмыз, – деді министр.

Министрліктің ақпараты бойынша, қазір білім беру жүйесінің жаңа архитектурасы қа­лыптасып жатыр. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторына арналған ЖИ-шешімдерді әзірлеп, оларды өндіріске енгізе алатын маман­дар даярлауға бағытталған AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. OpenAI-мен ынтымақтастық аясында жоғары оқу орындарының оқытушы­лары мен ғылыми қызмет­керлерін ЖИ құзы­реттілігіне оқыту жүргізілуде. Сондай-ақ ЖИ саласында кадр даярлаудың жоғары оқу орындарына ортақ стандарты енгізілді. Биыл университеттердің цифрлық ұлттық рейтингі іске қосылмақ. Бұл рейтинг мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың жаңа моделі бо­йынша бөлуге негіз болады.

Үкімет сағатында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Айма­ғамбетов қосымша баяндама жасап, саладағы жетістіктермен қатар, ашық айтылуға тиіс жүйелі сын-қатерлерге де тоқталды. Оның айтуынша, ЖИ еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Халықаралық институттардың бағалауы бойынша, әлемдегі жұмыс орын­дарының 40%-на ЖИ ықпал етуде. 

– Бүгін студенттерге аудиторияда үйретіп жатқан дағдылардың 40%-ы 2030 жылға қарай, яғни небәрі төрт жылдан кейін жаңартуды қажет ететін болады, біз үшін бұл – қауіпті құбылыс. Болашақтағы емес, бүгінгі шындық осындай. Бұған қоса, ЖИ жоғары білімнің мазмұнын өзгертуде. ЖИ дәуірінде, университет бейіндік  мамандықтармен шектеліп қалмай, іргелі әрі гуманитарлық бағытты күрт күшей­туіміз керек. Егер бұрын бағдарламалау үшін Python тілін білу керек болса, бүгін «вайб-кодинг» заманы келді: сіз мақсатты қарапайым тілмен сипаттап бересіз, ал ЖИ дайын кодты өзі жазып береді. Сондықтан енді  сапалы пром­пт жазу үшін мәселенің мәнін түсініп, контекст пен оның салдарын көре білу қажет. Оған тек іргелі білімдердің арқасында қол жеткізуге болады. Сондықтан жаратылыстану, математика ғылымдарына баса назар аударумен қатар, гуманитарлық ғылымдарды дамыту қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.

Комитет төрағасы сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс пен еңбек нарығының нақты сұра­нысы арасындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын атап өтті. Қолданыстағы кәсіби стандарттар ескірген күйде қалып, экономика­ның бұрынғы үлгілері бойынша кадр даярлаудың тұйық шеңберін қалыптастыруда. Универ­ситеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттармен жаңартады, бірақ соң­ғылары ескірген, ЖИ үшін қажетті құ­зыреттерге сай келмейді. Жоғары оқу орындары түлектерін сұранысы төмен жекелеген бағыттар бойынша қайта даярлау, жаңа жұмыс орындарының негізін құрайтын біліктілігі орташа деңгейдегі кадрлар тапшылығы әлі де сақталып отыр.

Асхат Аймағамбетов білім беру бағдар­лама­ларына жасанды интеллектіні енгізудің формалды сипатына тоқталды. Атап айтқанда, терең интег­рацияның орнына мамандардың бәсекеге қа­білеттілігін қамтамасыз етпейтін үстірт дағдылар ғана қалыптасуда. 

Талқылау барысында депутаттар кадр даярлау жүйесін трансформациялауға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жасанды интеллектінің енгізілуіне байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін мамандарды қайта даярлау шара­лары, сондай-ақ түлектердің кейінгі жұмысқа ор­наласуын бақылау тетіктері мен олар мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жағдайда жауап­кершілікті бөлу туралы сөз болды. Осыған байла­нысты депутаттар білім беру бағдарламаларын ең­бек нарығының қажеттіліктеріне дәлірек бейім­деу үшін оқу орындары мен жеке сектор арасындағы өзара іс-әрекетті күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар экономикадағы шешуші рөлін ескере отырып, аграрлық, өнеркәсіптік және инженерлік мамандықтардың тартым­дылығын арттыру шаралары туралы сұрақтар қойылды. Педагогикалық мамандықтарға оқитын студент­тердің цифрлық сауаттылығын арттыру, ЖИ және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы оқытушылардың дайындығын тереңдету бойынша ұсыныстар айтылды.

Депутаттар көтерген мәселелер мен ұсы­ныс­тар ұсынымдар ретінде жинақталып, Үкіметке жол­данатын болады.