Фестивальды Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ашты. Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі цифрландыру мен жасанды интеллект барлық саланың дамуының негізіне айналып жатқанын атап өтті.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпте автоматтандыру мен роботтандыру белсенді енгізілуде, ал IT шешімдерді қолданатын кәсіпорындар саны артып келеді. Аграрлық секторда цифрлық технологиялар шығындарды азайтып, өнімділікті арттырады, ал медицинада диагноз қою дәлдігін жақсартады.
– Өңірдегі кәсіпорындарда 145 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Бүгінде егістік жерлердің 100%-ы, жайылымдардың 90%-ы және шабындықтардың 95%-ы цифрландырылған. Бұл тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Біздің міндетіміз – технологиялық өзгерістерге бейімделген жаңа буын мамандарын даярлау. Мұны мектептен бастау керек, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ әкім былтыр өңірдегі барлық 440 мектепке жоғары жылдамдықты интернет қосылғанын атап өтті.
Фестиваль аясында TED форматындағы баяндамалар өтті. Спикерлер қатарында KIA QAZAQSTAN бас директоры Де Ки Ким, Freedom Cloud CEO-сы Темірлан Зиналабдин және БҰҰ Бас хатшысының климат өзгерісі жөніндегі кеңесшісі, 2007 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Раеквон Чанг болды. Қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық экономика және білім саласындағы жаңа сын-қатерлерді талқылады.
Қонақтар үшін өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Мысалы, Allur автомобиль зауытында дәнекерлеу аймағы, құрастыру желісі, пластик бояу цехы және оқу аймағы көрсетілді. Бұл жерде бірнеше жылдан бері жаңа қызметкерлер мен студенттерді оқытуға көмектесетін робот қолданылып келеді.
– Бұл өндірістік үдерістерге тез бейімделуге және кадр даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Allur компаниясының инженері Жасұлан Акимкереев.
Фестиваль тек ғимарат ішінде ғана емес, сыртта да жалғасты. Облыстық филармония алдында таланттар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жас музыканттар өнер көрсетіп, суретшілер келушілерге аквагрим жасап, техникалық шығармашылық мектептерінің оқушылары өз жобаларын таныстырды. Қонақтарға ғылыми шоулар, сұйық азотпен тәжірибелер және Тесла эффектілерінің көрсетілімдері ұсынылды. Фестиваль аясында өңірдің жетекші өндірушілерінің техника көрмесін және жаңа буындағы ауыл шаруашылығы дронын тамашалауға мүмкіндік болды. Сонымен қатар қызығушыларды жаңа технолгиялармен сала мамандары таныстырып, олардың ерекшелігі туралы әңгімелеп берді.
AgroEmpire компаниясының сервистік инженері Данил Митенов қазір мұндай құрылғылар өңірдің аграрлық саласында тиімді қолданыла бастағанын айтты. Оның айтуынша, агросалада адам еңбегін көп қажет етпейтін дрондардың артықшылығы көп.
– Бұл – ұшатын бүріккіш. 100 литрлік багы және 15 метрге дейін қамту мүмкіндігі бар заманауи модель. Бір ауысымда жүздеген гектар жерді өңдей алады, егістікке зиян келтірмейді және адам еңбегін аз қажет етеді, – деді маман.
Оның айтуынша, дронмен жұмыс істеу үшін бір оператор мен көмекші жеткілікті, ал болашақта оны бір адам да басқара алады. Мұндай технологиялар әлемнің басқа елдерінде кеңінен қолданылып, Қазақстанда да енгізіліп жатыр.
Ал «Жастар сарайының» ішінде атмосфера тіптен бөлек десек болады. Сарай іші интерьер футуристік стильде безендірілген. Қабырғалар микросхемаларға ұқсайды, ал LED-экрандар тек қабырғаларда ғана емес, еденде де орналасып, кеңістікті интерактивті цифрлық ортаға айналдырған. Мұнда жергілікті кәсіпорындармен қатар Астана мен Алматыдан келген компаниялардың ондаған стенді қойылыпты және әрқайсысы өздерінің болашаққа деген айрықша көзқарасын ұсыныпты.
Ең танымал экспонаттардың қатарында Жорик роботы мен Гоша робот-иті болды. Алматыдағы XBOT компаниясының өкілі Андрей Макс мұндай әзірлемелер тек көңіл көтеру үшін ғана емес екенін айтты.
– Негізінде бұл – қолы мен аяғы бар компьютер. Оның мүмкіндігі тек қиялмен шектеледі. Бүгін ол промоутер немесе гид бола алады, ал ертең қауіпсіздікке немесе балаларға күтім жасауға көмектесуі мүмкін, – деді маман.
Ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың бірі – дрон-сокер. Бұл Қазақстанда енді дамып келе жатқан жаңа спорт түрі. Астанадан келген қауымдастық өкілі Роман Ивановтың айтуынша, елде қазірдің өзінде мұндай шамамен 50 команда бар.
– Бұл – командалық ойын. Бес адам дрондарды басқарады, мақсат – қарсыластан көп гол соғу. Таймдар қысқа, бірақ өте қарқынды, – деді ол.
Роман Иванов небәрі 17 жаста, бірақ бұл спортпен 4 жылдан бері айналысып жүр. Қазір ол командасымен бірге 1 маусымда Астанада өтетін халықаралық Drone Soccer жарысына дайындалуда. Оған 10 елден спортшылар қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар Qostanai Hub алаңында студенттер нақты уақыт режимінде цифрлық жобалар әзірледі. Бірнеше сағат ішінде олар жасанды интеллект элементтері бар қосымшалардың прототиптерін жасады.
Командалардың бірі талапкерлерге арналған цифрлық көмекші идеясын ұсынды – ол ЖОО, іс-шаралар мен жаңалықтар туралы ақпаратты талдап, білім беру ортасында бағдар беретін мобильді қосымша.
– Бізде макет жасауға бірнеше сағат қана бар, бірақ оның қалай жұмыс істейтінін қазірдің өзінде көруге болады, – деді қатысушылар.
QOSTANAI TECH фестивалі келушілерге цифрлық технологияларды жақыннан танып-білуге, ал мамандарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар жастарды IT мен инженерлік салаларға қызықтыруды және ғылымға деген ынтасын арттыруды мақсат еткенін айтты. Сонымен қатар фестиваль цифрлық болашақ – қиял емес, Қостанай өңірі мен бүкіл Қазақстан өмір сүріп жатқан шынайылық екенін көрсетті.
Фестиваль аясында қонақтар түрлі лекция тыңдап, шеберлік сабақтарына қатысты, көрмелер мен концерттік бағдарламаларды тамашалады. Фестиваль қазақстандық әнші Баянсұлудың өнерімен түйінделді.