Қазір төбелестің себебі анықталып жатыр.
Алматыда компьютер клубынан басталған жанжал екі баланың өлімімен аяқталды
139
оқылды

Алматыда жасөспірімдер арасындағы төбелес екі баланың өлімімен аяқталды. Компьютер клубынан шыққан жанжал көше бойында пышақтасуға ұласқан. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, -деп хабарлайды Aikyn.kz 

"КТК" телеарнасының хабарлауынша, қайғылы жағдайға 10-нан аса жігіттің қатысы бар екені анықталған. Пышақ сұқты деген екі күдікті қамауға алынған. Қалғаны да тергеліп жатыр. Ал марқұм болған 17 жастағы жасөспірім туыстары "кінәлілер тиісті жазасын алса" дейді.

Жасөспірімдер арасындағы жанжал 29 сәуірде түнде болған. Компьютер клубынан ерегісіп шыққандар достарын шақырып, әрі қарай кеткен көрінеді. Арты жаппай төбелеске ұласып, бозбалалар бір-біріне пышақ ала жүгірген. Жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған екі бала ажал құшқан.

Марқұмдардың бірі – 17 жастағы бозбала. Анасы ұлынан айырылғанына сене алар емес. Баласы кешқұрым 13 жастағы інісін алып, компьютер ойнауға кеткеннен үйіне оралмаған.

"Екеуі бірге кеткен, компьютер клубына, ортаншы ұлым да жүрген. Хабарласа алмаған. Төбелестен шошығаннан қашып кеткен. Болды, одан кейін хабар келген жоқ. Ол да хабарласпады, телефон да жоқ. Шошыған, сонымен ол іздеген. Таңертең сағат 9-дан аса хабар келді, қызым хабарласты. "Мама, папа хабарласып тұр, Қалқаманның ауруханасына тез барыңызшы, ағам сол жақта, пышақтап тастапты" деп", - дейді марқұмның анасы.

17 жастағы бозбала үйінің үлкені болған. 9 сыныптан соң колледжге оқуға түскен, қосымша жұмыс істеген. 

"Баламның жүрегіне тигізіп, одан кейін қанша жерден екенін әлі көрген жоқпын. Жүрегінде жарақат дейді, соны ғана білемін.  Бірақ қансырап ауруханаға түскенде құтқара алмаған, неге хабарламаған? Неге уақытылы хабарламады? Мүмкін аман қалар ма еді? "Мама, қанша ақша керек, Меккеге бару үшін, анашым, Меккеге жіберем" дейтін", - дейді ол.

Қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатқандардың көбі колледж студенттері, кәмелет жасына толмағандар.

"Алдын ала болжам бойынша, бір-бірін танитын екі топ арасында жанжал туындаған. Одан кейін бір-біріне дене жарақатын келтіре бастаған. ҚР ҚК 99-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмысқа қатысы бар барлық тұлға ұсталды. Әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Адам өліміне әкеп соққан әрекет істеген азаматтар да айқындалды. Олар қамауға алынды", - дейді Алматы ПД өкілі Салтанат Әзірбек.