ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы цифрлық трансформация аясында «AI Stat» атты виртуалды көмекшіні іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жасанды интеллект негізінде әзірленген бұл сервис статистикалық деректермен жұмысты жеңілдетіп, цифрлық платформаларды пайдаланушыларға түсетін жүктемені азайтады. Ол есептілік ақпаратында жылдам бағдар алуға, қажетті мәліметтерді оңай табуға және Бюроның байланыс орталығына жүгінбей-ақ түрлі қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба 2026 жылдың сәуір айында пилоттық режимде іске қосылып, пайдаланушылар тәжірибесі негізінде жетілдірілді. Нәтижесінде білім қоры кеңейтіліп, сұраныстарды өңдеу алгоритмдері оңтайландырылды, жауаптардың дәлдігі мен толықтығы артты.
«AI Stat» Бюроның цифрлық сервистер экожүйесіне толық біріктірілген және респонденттер мен статистикалық ақпарат пайдаланушылары үшін ыңғайлылықты арттыруға бағытталған. Ол бір ғана интерфейс арқылы кеңес беру, деректерді іздеу және есептілікпен жұмыс істеуге арналған қолдау қызметтерін біріктіреді.
Көмекші диалог форматында жұмыс істейді және пайдаланушыны негізгі кезеңдерде сүйемелдеп отырады. Сервис статистикалық есептілікке қатысты сұрақтарға жауап береді, есеп нысандарын толтыруға көмектеседі және қателік жіберу ықтималдығын азайтады. Сонымен қатар ол деректерді іздеуді жеңілдетіп, Бюроның цифрлық ресурстарында, соның ішінде Респондент кабинетінде ыңғайлы навигация жасауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «AI Stat» БСН немесе ЖСН арқылы міндетті статистикалық нысандардың «Жүгіртпе» тізімін қалыптастырады, қызмет түрін таңдаған кезде ЭҚЖЖ кодтарын ұсынады және қажет болған жағдайда өтінішті байланыс орталығына жолдайды. Бұл күнделікті қайталанатын процестерді автоматтандырып, ақпаратқа қол жеткізу жылдамдығын арттырады.
Жалпы алғанда, сервис бірінші деңгейлі қолдау қызметін атқарып, операторларға түсетін жүктемені азайтады және бизнес пен азаматтардың қажетті ақпаратты алу уақытын қысқартады.
«Пайдаланушылар бүгінде деректерге тез әрі жеңіл қолжетімділікті күтеді. «AI Stat» - Бюроның цифрлық трансформациясының және мемлекеттік секторда жасанды интеллект шешімдерін дамыту бағытының бір бөлігі. Ол статистикаға қатысты сұрақтарға бірнеше қадам арқылы жауап алуға мүмкіндік береді, күрделі жүйелерді терең түсінуді қажет етпейді. Бұл - алғашқы кезең, ал алдағы уақытта біз көмекшінің мүмкіндіктері мен қолдану аясын кеңейтетін боламыз», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Сервис қазіргі уақытта екі тілде қолжетімді. Алдағы уақытта оның ағылшын тіліндегі нұсқасын да іске қосу жоспарлануда. «AI Stat»-ты дамыту еліміздегі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
