Жамбыл облысында кәмелетке толмаған ұлының қайыршылықпен айналысуына байланысты анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Әйелге қатысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалған.
Сот мәліметінше, полиция Тараз қаласында бағдаршам маңында жүргізушілерден қайыр сұрап жүрген жасөспірімді анықтаған. Оның жасы 16-ға толмағандықтан, әкімшілік хаттама анасына толтырылған.
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерген сот айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Сот қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 3-бөлігіне сәйкес әйел кінәлі деп танылып, оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
