Сонымен қатар еңбек ұжымымен кездесіп, өндірістік қауіпсіздік пен жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
«Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздік пен еңбек жағдайын күшейтпек
79
оқылды

Jezqazgan Tau-ken Ondirisi компаниясының бас директоры Батыс кенішінде өндірістік аралау жүргізіп, негізгі тау-кен жұмыстарының барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сонымен қатар еңбек ұжымымен кездесіп, өндірістік қауіпсіздік пен жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Аралау барысында теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан жаңа жерасты жолының құрылысы қаралды. Жоба кен тасымалдау қашықтығын қысқартып, операциялық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ жаңа порталдың ашылуы кеніштің минералдық-шикізат қорын ұлғайтуға ықпал етеді.

Өндірістік сапар кезінде төртінші және бесінші кен өндіру горизонттарындағы жұмыс барысына ерекше назар аударылды. Кеншілермен кездесу барысында еңбек жағдайы мен жұмысшыларды алаңдататын мәселелер талқыланды. Компания басшылығы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар конвейер учаскесінің жұмысы мен кен қорын арттыруға бағытталған геологиялық барлау жұмыстарының барысы таныстырылды.

Мұндай өндірістік аралаулар «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі тапсырмасымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бастама басшылық пен еңбек ұжымы арасындағы тікелей байланысты күшейтуге бағытталған.

Жоба QA корпоративтік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты — басқару үдерісінің ашықтығын арттырып, жұмыскерлердің өтініштері мен мәселелеріне жедел әрекет ету.

Компания мәліметінше, тек 30 сәуір мен 4 мамыр аралығында кәсіпорындарда 198 басшының қатысуымен 406 өндірістік аралау өткізілген. Барлық анықталған мәселе бірыңғай дерекқорға енгізіліп, кейін арнайы отырыстарда қаралады.

Негізгі назар өнеркәсіптік қауіпсіздікке, еңбек жағдайына, өндірістік процестерді ұйымдастыруға және ұжымның әлеуметтік ахуалына аударылып отыр. Компания бұл тәжірибе өндірістегі шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, ішкі коммуникация тиімділігін арттырады деп есептейді.