Қазақстанның Ұлттық павильоны әлемдік деңгейдегі беделді көрмеде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұсынылды.
Венецияда Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды
фото: баспасөз қызметінен алынды
108
оқылды

Венецияда La Biennale di Venezia 61-ші халықаралық өнер көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны ашылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шарада еліміз заманауи өнер тілі арқылы руханият, мәдени сабақтастық және тарих тағылымы секілді тақырыптарды арқау еткен «Qoñyr: Тыныштық архиві» көрме жобасын ұсынып отыр. 

Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы, Мальта Республикасындағы және Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, Венеция биенналесінің президенті Пьетранджело Буттафуоко, сондай-ақ Қазақстан мен Италияның шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Айбек Сыдықов Венеция биенналесінің мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға ықпал ететін әлемдегі ең маңызды мәдени алаңдардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін Биенналеге қатысу – мәдениеттердің көпдауысты диалогына өз үнін қосу мүмкіндігі. Біздің заманауи өнеріміз дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысында дамып келеді. Онда тарихи мұра мен дала мәдениетінің коды жаңа көркемдік тәжірибелер арқылы жаңаша сипат алуда. Қазақстан павильоны мазмұнды диалог алаңына, шабыт көзіне және әрбір келуші жанына жақын кеңістікке айналады деп сенеміз», – деді вице-министр.

Museo Storico Navale музейінің өзара сабақтас бес залында орналасқан экспозиция дыбыс, кеңістік және визуалды образдар арқылы өрілетін иммерсивті саяхат ретінде құрылған.

«Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасының кураторы – Сырлыбек Бекбота. Оның жұмысына композитор Әбікен Хасеновтің дәстүрлі қазақ күйі Qoñyr шабыт берген. Экспозиция биенналенің негізгі тақырыбы – In Minor Keys ұғымымен тікелей үндесіп, Qoñyr ұғымын жадының, ішкі әуездің және мәдени тәжірибенің метафорасы ретінде ашады.

Смайыл Баялиев, Ақмарал Мерген, Гүлмарал Тәтібай және Наталья Лигайдың Steppe Architectonics атты туындысы – алып жылқы мүсіндері, тұяқ дүбірі мен дала шөбінің иісі арқылы көрме кеңістігін көзге көрінетін әрі сезіммен қабылданатын ландшафтқа айналдырады.

Мансұр Смағамбетов, Оралбек Қабөке және Нұрбол Нұрахметтің экспозициялары да тақырыпты одан әрі тереңдете түседі. Дыбыс, объект және инсталляция арқылы суретшілер жадының күнделікті өмірде қалай сақталып, қалай жалғасатынын көрсетеді.

Сонымен қатар, Анар Әубәкірдің Matrix of a New Subject атты жұмысы да ұсынылған. Онда түйе жүнінен тоқылған ескі көрпенің ішкі қабаты көркем нысан әрі ұрпақтар сабақтастығының үнсіз архиві ретінде қайта пайымдалған.

Экспозициялық бағыт Ардақ Мұқанованың Qoñyr Äulie: Immersion into the Quiet Depths атты цифрлық туындысымен түйінделеді. Бұл – жарық пен миф тікелей баян емес, керісінше, ішкі түйсік деңгейінде қабылданатын киелі кеңістікке бойлау.

«Қазақстан өнері де Қазақстанның өзі секілді төл тарихы мен мәдени болмысына арқа сүйей отырып, болашаққа ұмтылады және қазіргі заманғы көркемдік бағыттарды табиғи түрде бейнелейді. Мені әсіресе жады тақырыбымен байланысы қызықтырды. Өнердің өзінің бірегей көркемдік үнін сақтай отырып, белгілі бір деңгейде архивке айнала алуы айрықша әсер қалдырды. Бұл рухани ізденістен, ішкі толғаныстан, сондай-ақ поэзия мен музыканы көркемдік пайымның негізгі құралдары ретінде таңдаудан көрініс табады», – деді Пьетранджело Буттафуоко.

Айта кетейік, биыл жоба Ұлттық павильонды дайындау ісінде жаңа кезеңге жол ашты. Қазақстан алғаш рет куратор мен суретшілерді ашық конкурс арқылы анықтады. Іріктеу екі кезеңнен – ұсынылған материалдарға сараптамалық баға беру және финалистермен онлайн-сұхбат өткізуден тұрды.

Жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Компания заманауи қазақстандық өнерді әлемдегі негізгі халықаралық мәдени алаңдардың бірінде таныстыруға қолдау көрсетті. Қазақстан павильонын 2026 жылғы 9 мамыр мен 22 қараша аралығында 61-ші Венеция өнер биенналесі аясында Museo Storico Navale музейінде тамашалауға болады.