Сарбаздың жиені Мереке Жакина анасы Мәриямның әкесін сарғая күткенін айтты.
– Марқұм анам «әкем, әкем» деп аңсап отыратын. Атамыз соғысқа кеткенде анам 4 жаста болған. Арасында «немістермен соғысқа кетіп, сол жақта бір кемпірді тауып, қалып қалған болар» деп әзілдейтінбіз. Бірақ анам үмітін үзбеді. 70 жылдан кейін марқұмның сүйегі табылып, туған жеріне жерленді.
Анам әкесінің қабіріне барған сайын жылайтын. «Тілеуің қабыл болып, әкеңнің сүйегі табылды. Неге жылайсың?» дегенге «Әкем кеткенде бала едім, ентіге кіріп келетіндей көрінетін, өмірім есікке қарайлаумен өтті» дейтін. Бес жылдан кейін анам дүние салды. Алланың жазғаны ма, сәйкестік пе, кім білсін?! Анамның қабірі дәл әкесінің қасына түсті. Қазір әкесіне деген сағыныштың мауқын басым жатқан болар, – деп еске алды Мереке анасын.
Жарасына қарамастан соғысқа сұранған аға сержант
Степняк Әскери комиссариаты 36 жастағы Айшамбек Асыловты әскерге 1942 жылы шақырады. Ол 202-атқыштар дивизиясының 682-атқыштар полкіне түседі. Полктің минометтік есептеу командирі, аға сержант ретінде ол талай шайқасқа қатысады. Кейін аяғынан жарақат алып, 1943-те елге оралған. Емделіп болған соң араға көп уақыт салмай қанды майданға қайта кетеді. Одан кейін ешбір хабар болмаған.
Ресми дерек бойынша ол 1943 жылы 2 қаңтарда Солтүстік-Батыс майданының ұрыс қимылдары кезінде қаза тапқан. Ленинград облысы Полавский ауданының Горба ауылында (қазіргі Новгород облысының Парфин ауданы) жерленген.
Іздеу отрядының өкілі ұрыс кезінде сарбаздың көбісін жерлеуге, оны белгілеуге мүмкіндік бола бермегенін еске алған сарбаздың немере жиені былай деді:
«Атамның мәйіті бауырластар бейітінде де жерленбеген. Ұрыс алаңында әскер жеңіліс тауып, шегінге кезде шабуылға кеткен әскерді күтпеген. Алда-жалда олар ұрыстан оралмаса сол маңайдағы ауылда өлді деп жаза салады. Сол жақтағы іздеу отрядының өкілі кейбір мәйіттің жерленбей қалатынын айтты.
«Біз мүрделерден ғана емес, кейде өздігінен көміліп қалған сүйекті тапсақ та жерлейміз. Бұл мүрдені жерден қазып алған жоқпыз. Сіздің атаңызда өзі жайлы жазылған капсула болып, соның арқасында хабар бердік» деді ол.
Сөйтіп, атамның сүйегін 2014 жылы Новосібірден әкеліп, 3 маусымда туған жері Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахметауыл ауылында жерледік».
Сонымен Ресейдің іздеу отряды марқұмның сүйегін 2013 жылы қыркүйекте Новосібір облысы Парфинск ауданы Здронига ауылында тапқан. Мұрағатта сол кездегі әскер командирінің есеп жазбасы сақталған. Онда ұрыстың «Долг» елді мекенінде болғаны, жаудың тойтарыс беріп, взвод командирі жараланып, батальонды талқандап жатқаны жазылған.
Айшамбек Асылов мүрдесі қалай табылды?
Мереке Жакинаның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздарды іздеу 1980 жылдардан кейін басталған.
– Әйтпесе, ол кезге дейін іздеуге рұқсат етілмеген. Марқұм атамның мәйіті батпақты жердің жанынан табылған. Оларды снарядпен атқанда екі сарбазды екі жаққа лақтырып жіберген. Соның бірі – 2-3 метр әрірек түскен, – деген ол біреуінің кеуде тұсындағы қалтасынан «сарбаз медальоны» табылған.
Сарбаз медальоны әскерге барған әрбір жауынгерге берілетін арнайы қорапша. Онда әр сарбаз өзінің жеке мәліметін, үй-ішіне хатын жазып қоюға арналған.
– Міне, медальон ішінде бір жапырақ қағазға еліне ұшатын жоспардың сызбасын сызып қойған. Тұсына қара қарындашпен «КазССР Акмолинская облость, город Степняк. Жена Уазипа Асылова» деп жазған. Уақыт өте әлгі жазбаның өңі кеткен. Оның арнайы ерітіндіге салып, хатты қалпына келтірген. Әлгі хаттың 70 жыл сақталғанына әлі таңым бар, – деді Мереке Жакина.
Марқұмның ұрпағы Новосібірге барып-келу шығынын өздері көтерген. Сол жақты іздеу отряды оларды қарсы алып, марқұмның сүйегін берген.
– Ол күн әлі есімде. Ораза айттың кезі. Жолға шыққанымызда ауарайы бұзылып, күңгірттеніп, аспан қап-қара боп түнере бастаған. Пойыз тоқтап, табанымыз жерге тигенде күн шайдай ашылып кетті. Әлгі ауылдан 5 шақырым жердегі елді мекенге бардық. Сый-құрметпен қарсы алып, шығарды. Біраз ел жиналыпты. Қызыл матамен оралған атамыздың мүрдесіне қолым тигенде қолым дірілдеп, сөйлей алмадым.
Осында әкеп жерлегенде көпшілігі топырағын әкелді деп ойлады. Ал біз мүрдесін әкелдік. Сол күні де жауын құйып тұрған. Атамыздың мәйіті қалай жерге тиді көк аспан ашылып, күннің көзі шықты. Сізге – өтірік, маған – шын. Бірақ бәріміз осыған таңдандық. Мүмкін, жаны тыныштық тапқан болар, – дейді ол.
Мәйіттің табылғанын жаңалықтан естіген
Мәриям апа әкесін ұзақ уақыт бойы іздеген. Қолында бар ақпарат – «ұрыс алаңында жерленген» деген мәлімет. Оның өзі Мәскеу түбіндегі Подольск мұрағатынан ғана табылғаны.
Мереке Жакина марқұмның мәйіті табылғанын кездейсоқ білген. Айтуынша, кешкі жаңалықтардан естіп қалған.
– Ол бір Алланың сыйы ғой. Ойламаған жерден табылды. Кешкі алты жарымда үйде «Astana» арнасын қосып қалдық. Сарбаздардың жақындарына іздеу салғанын айтып, біраз аты-жөнді атады.
«Ақмола облысынан Айшамбек Асылов» дегенде бірден анама «мынау сіздің әкеңіз ғой» деп саңқ еттім. Анам сасып қалды, не жыларын, не күлерін білмеді. Сол кезде ол кісі кішкентай баладай көрінді. Неге екенін білмеймін, бірақ атамның аты аталғанда сирек кездесетін есім және Ақмоланыкі деп ойладым. Содан түнгі жаңалықтың қайталауын күттік.
Ертеңінде телеарнаға хабарласқанымда маған Ақтөбенің іздеуші топтың нөмірін берді. Ол Ленинградтағы іздеушіге шығуды айтты. Байланысқа шығайын ба, шықпайын ба деп біраз ойландым. Бірде атамның үйдің ауласындағы шарбаққа сүйеніп, маған қарайлап тұрғанын түсімде көрдім. Қайтсек те сүйегін туған жеріне әкелуіміз керек деп шештім, – дейді Айшамбек Асыловтың жиені Мереке Жакина.
2014 жылдың мамыр айында «Astana» арнасында Ресейге сапарлаған іздеу отряды қазақстандық үш сарбаздың қаңқасын тапқанын хабарлаған. Новгород облысында жүргізілген іздеу жұмысына еліміздің Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан 30 шақты іздестіру тобы қатысқан. Сол жақтағы Парфинск ауданында жүргізген қазба жұмыса 22 жауынгердің сүйегі табылған.
“Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азеговтың айтуынша, ТМД елдерінің 29 іздеушілер отрядының басын қосқан экспедиция барысында жалпы 703 жауынгердің сүйегі табылып, оның 22-нің медальоны болған. Оның үшеуі қазақстандық жауынгерлер: қызылордалық Мих Усентаев, Иратулла Хамидуллин, Ақмола облысының тумасы Айшамбек Асылов.
Ол кезде Айшамбек Асыловтың қызы Мәриям апа тірі болатын. Әкесі жайлы хабарды естігенде ол 76 жаста еді. Оның 1941-1945 жылдары Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлігі үшін берілген орден, медальдары мен өзге құжаттары «Астана қаласының мемлекеттік архиві» ММ-ге тапсырылды.
«Оның бізде жалғыз ғана суретті болған, бәрін мұрағатқа өткіздік» деген жиен немеренің сөзі дәлел.
Мереке Жакинаның сөзінше, анасы екі-ақ ағайынды болған. Ағасы ертеректе дүниеден өткен.
«Нағашы ата-әжем сол жылдары Степнякта тұрған. Әжем Уазипа Асылова есепші болған. Ал атамыз Айшамбек Асылов алтын қазушы еді. Анам әрдайым «ел ішінде ең бірінші маған алтыннан сырға жасап берген» деп мақтанатын», – деді Мереке Жакина.
Ол өз әңгімесінде нағашы әжесіне жақын болған.
– Нағашы әжем мені қатты еркелететін, соған қарап барлық әже сондай мейірімді деп ойлаппын. Жазғы демалыста нағашы апамның ауылынан шықпайтынбыз. Әйтеуір, нағашы атамыз соғысқа кеткен соң үй іші хабарсыз қалған. Анам 6-7 жасқа келгенде нағашы әжеміз әмеңгерлікпен басқа кісіге тұрмысқа шығады. Ал анамды баласы жоқ жақынына беріп, 16 жасқа дейін сонда өскен, – дейді ол.
Айшамбек Асыловтың ұрпағынан қалғаны – жиені Мереке Жакина. Оның бір ұл, бір қызы бар. Есімдері – Аяулым, Ерсұлтан. Ал батырдың жалғыз ұлы Тастай Айшамбекұлы 26 жасында қайтыс болды. Оның бір түйір қызы коронавирус кезінде дүниеден өтті.