Екінші дүниежүзілік соғыстың халқымызға салған салмағы мен зардабы – ұрпақтан-ұрпаққа жететін ауыр тарихи сабақ. Бұл нәубет тек майдан даласында ғана емес, ел ішінде, ауыл-ауылда, әр шаңырақта жүріп жатты. Қолына қару ұстамағанымен, иығына ауыр жүк артылған тылдағы жұрттың, әсіресе балалардың тағдыры – сол кезеңнің ең ащы шындығы.
Ерте есейткен балалық
147
оқылды

Соғыс басталғанда, ер-аза­мат­тардың дені майданға аттан­ды. Елде қалған қарттар, әйелдер мен балалар тіршіліктің бар тау­қы­метін көтерді. Бесіктен белі шық­паған балалар ерте есейді. Олар ойын баласы болудың орны­на күнкөрістің қамын ой­лап, ауыр еңбекке жегілді. Аш­тық пен жоқ­шы­лықты үнсіз көтерді. Көбі үшін балалық шақ деген ұғым болмады десек, артық айтқандық емес. Жазушы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» шы­ғарма­сын­дағы кей­іп­кердің сөзі сол кез­ең­нің бей­не­­сін дәл береді: «Қыр­қыншы жыл­дары бала бол­ған жоқ… бәрі ерте есей­д­і». Бұл сөзді тұтас ұр­пақ­­тың жан­ай­қайы деп қабылдау керек.

Сол ұрпақтың бірі – тыл ар­да­гері Құрманбек Шоқанбайұлы. Оның өмір жолы – мыңдаған тағ­дырдың бір үзігі. Бірақ сол бір үзіктің өзінен-ақ тұтас дәуірдің келбетін көруге болады. «Біз ере­сек адам сияқты жауапкер­шілік арқаладық», – дейді қария. Шын­ында да, он-он бір жастағы бала­ға өгіз жегіп, жүздеген ша­қырым жолға шығару бүгінгі көз­бен қа­рағанда сенгісіз көрі­неді. Алайда ол кезде таңдау бол­ған жоқ. Елге керек жүн-жұрқа, тері-терсек дер кезінде тапсырылуға тиіс. Олар  жеңіске үлесін осылай қосты.

Өгіз жеккен арба, аптап ы­с­тық, жауын-шашын, ұзақ жол. Мұның бәрі кішкентай бала үшін үлкен сынақ еді. Бірақ ең қиыны, жауап­кершіліктің салмағы бола­тын. Арбадағы жүк бүлінбей жетуі керек. Сол сенімді ақтау үшін бала жүрегі қорқынышпен күресті, шар­шаумен алысты. Иә, ауыл­дан қалаға дейінгі 120 ша­қырым жол­ды еңсеру ешқа­шан оңай болмады.  

«Қазір көп нәрсені еске түсіре алмаймын. Қанша заман өтіп кетті ғой. Бірақ өгіз жеккен арбада кетіп бара жатқан шақ­та­рымды еш ұмытқан жоқпын. Өйт­кені ар­ба­дағы затты бүл­дір­мей, шашпай-төкпей қалаға апарып, сенімді қолға тапсыру керек дей­тін жауапкершілік зор болды. Одан жаз шыққанда, өгізге оқыра тиеді. Оқыра тиген­де, жануарың арбаны бір жаққа, адамды бір жақ­қа лақ­ты­рып, тапырақтай жөнелуі мүм­кін. Сол үшін ауыл­дан шыққанда, бір аяғына тұсау салып береді. «Бас жібінен қолың­ды босатпа», – деп тапсырады. Өгіз шанышқалап кетіп, оған әлім келмей қала ма деп жол бойында үнемі үрейленіп отыратынмын. Солай көктемде, жаз кезінде, кей­де шақырайған күн астында, кейде жауын-шаш­ынды күндері бірнеше жыл бойы тасыдым», – дейді Құрман­бек қария.

– Ата, сонда сіз жалғыз өзіңіз тасы­­дыңыз ба әлгі жүн-жұрқа­ны? – деймін мен. 

– Әрине. Адам тапшы ғой, қарағым. Кәрі кісілер жара­май­ды. Шешем «баламды жібермей­мін» деп айта алмайды. Ауылда басқа балалар да бар еді. Бірақ оларға басқа жұмыстарды бөліп берген. Басқа балалар бір-бірі­мізді сирек көретінбіз, – дейді қария.

Құрманбек ақсақалдың бала­лық шағы осылай өтті. Ол жалғыз емес еді. Оның қатарында дәл осындай тағдырды бастан өт­керген мыңдаған бала болды. Бү­гінде олардың қатары сиреп барады. Ресми деректерге сүйен­сек, елімізде 33 мыңнан астам тыл ардагері ғана қалған. Иә, уақыт тоқтамайды, тарих куәгер­лері біртіндеп ортамыздан кете бермек.

Құрманбек Шоқанбайұлы 1930 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауылында дүниеге келген. Бір әулеттен тараған он үш бала­ның тек үшеуі ғана аман қалып, өмірдің ащы дәмін ерте татқан. Соғыстан кейін ол пошта сала­сында еңбек етіп, бейбіт өмірдің құрылуына да үлесін қосты. Өмір­ін еңбекпен өрген жанның тағдыры да берекелі болды. Өзі де он үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпағы еліміздің әр түк­пірінде түрлі салада еңбек етіп жүр.

Қазір қария Астанада кенже ұлы Жанқылыштың қолында тұрады. Жасы ұлғайғанымен, еңбекке деген ықыласы сол күйі сақталғаны көрініп тұр. Жан­қылыштың айтуынша, қария ауылға барса да, қол қусырып отырмайды. Яғни, еңбек оның болмысына айналған. «Қара­шаң­ырақта Құттықадам дейтін ағам бар. Әкем алты ай қыс қалада, алты ай жаз ауылда тұра­ды. Бер­тінге дейін атқа мініп жүр­ді. Тек кейінгі жылдары ғана кәрілік жеңіп келеді», – дейді кен­же ұл.

Тыл ардагерлерінің балалық шақтағы еңбегі – ерлік туралы дастан. Бірақ бұл ерлік дабыра мен даңқ үшін жасалған жоқ. Олар тіпті өздерін батыр санаған да емес. Себебі өмір сүру үшін, бір жағынан жеңісті жақындатуы үшін  солай жасауға тиіс еді.

Айгүл СЕЙІЛ