Іс-шараға әскери бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаев бастаған бір топ офицер мен сарбаздар қатысты.
Ұлттық ұлан тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті
110
оқылды

Астанада Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тыл ардагерлерін Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесімен арнайы құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға әскери бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаев бастаған бір топ офицер мен сарбаздар қатысты.

Ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында олардың үйлерінің аулаларында салтанатты шеру ұйымдастырылып, сарбаздардан құралған есептік топ жүріп өтті. Әскери оркестр патриоттық әуендер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Құрметке бөленген тыл еңбеккерлерінің қатарында Бресь Станислав Степанович, Варнавская Нина Николаевна, Мустаева Раиса Салиховна және Джампеисова Рахия Абдуовна бар. Олар соғыс жылдарындағы ауыр еңбек пен ел үшін атқарған адал қызметтері арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.

Полковник Ерлан Буранбаев ардагерлерге ізгі тілегін жеткізіп, олардың бейбіт өмір мен ел тыныштығын сақтауға қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

— Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен төзімдеріңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт заманда өмір сүріп жатыр. Біз сіздерге әрдайым құрмет көрсетеміз, — деді бөлім командирі.

Ардагерлер өз кезегінде көрсетілген құрмет пен ыстық ықылас үшін ризашылықтарын білдіріп, әскери қызметшілерге ақ баталарын берді.

Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, аға буынға деген құрметті арттыруға бағытталған.