Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысуымен мәжіліс өткізді
Сырдың соңғы куәгеріне құрмет көрсетілді
111
оқылды

Сыр өңірінде 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. Айтулы күн аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысы Сырдария ауданына арнайы барып, өңірдегі соңғы соғыс ардагері Яхия Тасыровқа құрмет көрсетті.

Ғасыр жасаған майдангердің өмір жолы сонау сұрапыл кезеңнен сыр шертеді. Ол 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград пен Курск шайқастарында ерлік көрсеткен. Польша жерін азат етуге қатысып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан. Соғыстан кейін елімізді өркендету жолында еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қоса білді 

Майдангер соғыс даласында екі мәрте жарақат алады. Оның соңғысы Берлин маңындағы шайқаста болған.

Жауынгердің ерен ерлігі ескерусіз де қалмады. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, сержант атағын алады. Сонымен қатар І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталыпты.

Ардагер соғыстан кейін отбасын құрып, төрт перзентті тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпақ қызығын көріп, немере мен шөберенің ортасында бақытты күн кешіп отыр.

Өз кезегінде ардагердің шаңырағында болған Нұрлыбек Машбекұлы ел үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

Бұл күні Нұрлыбек Нәлібаев аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенім артып, жаңа қызмет жүктегенін айтып, туған жердің өркендеуі жолында бірге атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиында соңғы жылдары Қызылорда облысында ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында маңызды бастамалар қолға алынғаны айтылды. Сонымен бірге «Әділетті Қазақстан» реформалары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру ісінде ел бірлігінің маңызына тоқталды.

Іссапар барысында Президент паркі аумағында салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагерінің құрылысымен танысу рәсімі де өтті. Заманауи талапқа сай бой көтеріп жатқан лагерьде балалардың сапалы демалысы мен денсаулығын нығайтуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда спорт кешені, мәдени-көпшілік шараларға арналған арнайы алаң, ашық бассейн, амфитеатр, спорттық ойын алаңдары және тұрғын блоктар салынатын болады. Жыл он екі ай жұмыс істейтін демалыс орны 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар коммуналдық сала қызметкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Бірқатар сала мамандары Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігін халыққа жедел әрі сапалы жеткізіп жүрген журналистер қауымына ризашылығын білдірді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ 
Қызылорда облысы