ҚР Қаржы министрлігі 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 7,27 трлн теңге кірістің 6,98 трлн-ы салықтан түскені жайлы есеп берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ресми дерекке жүгінсек, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 7,27 трлн теңге табыс түсіп, ал шығын 7,29 трлн теңге болған.
Негізгі бағыт – әлеуметтік көмек және қамтамасыз ету. Үш айда бұл мақсатта 1,84 трлн теңге бөлінген. Атап айтқанда, олар – зейнетақы, жәрдемақы және төлемдер, яғни түскен салықты бұқараға кері қайтару механизмі.
Білім беру саласы екінші орында. Оған 1,46 трлн теңге бағытталған. Бұл дегеніміз – мектептер, университеттер, ұстаздардың айлығы және инфрақұрылым, яғни мемлекет адам капиталына инвестиция құяды.
Сонымен бірге, табыстың айтарлықтай бөлігі, яғни 1,19 трлн теңге бұған дейін қабылдаған міндеттемелерді орындауға жұмсалған.
Ал денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінген қаражат салыстырмалы түрде айтсақ, аздау – шамамен 101 млрд теңге. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан берілетін ақшаны, яки 929,9 млрд теңгені қоса есептесек, онда көрсеткіш бірден он есеге ұлғаяды. Демек, салық жүктемесінің бір бөлігі бюджет аясынан тыс қылып көрсетіледі.
Әжептәуір қаржы экономика мен инфрақұрылымды дамытуға: көлік және коммуникацияға – 386,9 млрд теңге, ТҮКШ-ке – 377,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығына – 415,3 млрд теңге арналады. Бұл шығындар экономика өсімінің негізін қалыптастырады.
Мемлекет үшін қауіпсіздік те аса маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 394,3 млрд теңге, ал қорғанысқа 282,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл секторлар экономикалық өсімге тікелей әсер етпегенмен, оларға қаржы бөлмеуге болмайды.
Жалпы айтқанда, Қазақстан бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға – әлеуметтік төлемдерге, білім беру және негізгі мемлекеттік қызметтерге бағытталады.
