«AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылатын Job Fair бос жұмыс орындары жәрмеңкесі еліміздегі жастарға жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастауға көмектеседі. Жоба арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандардың бірі – Ақерке Нұрлан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақерке Нұрланқызы Жезқазған гуманитарлық колледжінде білім алып, 2024 жылы оқуын сәтті тәмамдаған. Кейін өз мамандығы бойынша жұмыс тауып, тәжірибе жинауды мақсат етіп, «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысады.
– Бұл жәрмеңке – жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік алаңы болды. Сол жерде мен өзіме лайықты қызмет ұсынысын алып, кәсіби жолымды бастауға жол ашылды. Бағдарлама маған тек жұмыс емес, сенім, қолдау және болашаққа нақты қадам жасау мүмкіндігін берді, – дейді ол.
Қазір Ақерке Ұлытау облысының ТЖД Жедел кезекші басқару орталығында (ЖжЖБО) жедел кезекші көмекшісі, азаматтық қорғау сержанты болып қызмет етіп жүр.
– Бұл қызмет – үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Халықтың қауіпсіздігі жолында еңбек ету – мен үшін үлкен абырой. Мен өз жұмысымды шын жүректен жақсы көремін және жастарға арналған осындай бағдарламалардың арқасында арманыма бір қадам жақындағаныма қуаныштымын. Әр күнім – жаңа тәжірибе, әр кезекшілік – сенім мен жауапкершілік.
Мен үшін бұл – жай ғана қызмет емес, бұл – менің таңдаған жолым, – дейді Ақерке Нұрлан.
