Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының комьюнити-орталықтарында «Жастар ысырапшылдыққа қарсы. Үнем – Сана – Мәдениет» жобасы аясында жастармен кездесулер, түрлі белсенді форматтағы іс-шаралар мен талқылаулар сериясы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бастаманың негізгі мақсаты – жастар арасында саналы тұтыну мәдениетін, ресурстарға ұқыпты қарауды және қаржыға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру. Кездесулер барысында шамадан тыс шығын, имидж үшін несие алу, әлеуметтік желілердің ықпалы, сондай-ақ су, энергия, азық-түлік және өзге де ресурстарды үнемді әрі тиімді пайдалану мәселелері талқылануда.

«Кездесулер барысында қатысушылар күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді интерактивті форматта талқылайды. Олар су мен электр энергиясын үнемдеуден бастап, қаржыға саналы қарау, көрсетілім үшін несие алудан бас тарту және әлеуметтік желідегі “көзге көріну үшін өмір сүру» мәдениетіне дейінгі тақырыптарды қамтиды. Бүгінгі тренинг үш негізгі бағытқа біріктірілген тақырыптық карточкалармен жұмыс жасау форматында өтті: “Үнем”, “Сана” және “Мәдениет”.
«Қатысушылар нақты өмірлік жағдайларды талдап, бүгіннен бастап қолдануға болатын нақты шешімдер ұсынды», – деді Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы, «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.

Кездесулер аясында қатысушылар күнделікті әдеттердің жеке әл-ауқатқа және жалпы қоғамға әсерін талқылап, өз пікірлерімен бөлісіп, тұтыну мен жауапкершілік мәселелеріне қатысты өзіндік көзқарасын қалыптастыруда.
«Бүгінде жастардың бойында үнемшілдік шектеу емес, керісінше кемелдік пен саналы таңдаудың белгісі екенін қалыптастыру аса маңызды. Бұл – өмір сапасына тікелей әсер ететін жаңа мәдениет», – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасында.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай талқылаулар қалыптасқан мінез-құлық үлгілерін қайта қарауға және шығын мен тұтыну мәселесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
«Біз көбіне ақшамыз бен ресурстарымызды неге жұмсап жатқанымыз туралы ойлана бермейміз. Осындай кездесулерде көп нәрсені дәл қазір, қарапайым күнделікті шешімдерден бастап өзгертуге болатынын түсінесің», – деді қатысушылардың бірі.

Комьюнити-орталықтардың белсенділері челлендж эстафетасын жоғары оқу орындары мен колледждерге жолдады. Жоба Алматы қаласының оқу орындары мен жастар орталықтары базасында жүзеге асырылып, қала жастарының кең ауқымын қамтиды.

Бастаманың негізгі идеясы – қазіргі жастардың көрсетілімге құрылған тұтыну мен ысырапшылдықтың орнына саналылықты, ұтымдылықты және жауапкершілікті таңдайтынын көрсету.
