2025 жылы Қазақстан 84 мың тонна ет экспорттап, көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға ұлғайтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, қазақстандық еттің сапасына шетелдік нарықта сұраныс жоғары.
«Қазіргі таңда Қазақстан қой етін 14 елге, ал сиыр етін 8 елге экспорттап отыр. Біз бұл бағытта айтарлықтай бәсекелестік байқамаймыз. Көршілес мемлекеттер үшін Қазақстаннан ет сатып алу логистика жағынан тиімді», – деді ол.
Сондай-ақ Аманғали Бердалин биыл қазақстандық ет экспортының географиясы кеңейетінін атап өтті.
Оның сөзінше, 2025 жылы Қазақстан Оңтүстік Корея, Жапония және Түркия нарығына ет экспортын бастауды жоспарлап отыр.
