Бастаманы қолдаған ауылдың бірі – Шет ауданындағы Төменгі Қайрақты ауылы. Елді мекен тұрғындары алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салу жөнінде бірауыздан шешім қабылдаған. 730 тұрғыны бар Төменгі Қайрақты – шағын, бірақ тыныш әрі көрікті ауыл. 17 көшеде орналасқан 210 үй, сондай-ақ төрт дүкен мен тойхана секілді әлеуметтік нысандар бұл бастаманы толық қолдап отыр.
Алкогольге тыйым салу мәселесі ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында қаралды. Күн тәртібіндегі сұрақ кең талқыланып, жақтаушылар мен қарсы тараптардың пікірі тыңдалды. Ауыл учаскелік инспекторы, әкім және ақсақалдар кеңесі көтерген бұл бастамада олар алкогольдің халық денсаулығына зияны, қылмыс деңгейіне ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайына әсері туралы нақты дәйектер келтірді.
Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына ие болып, шешім бірауыздан қабылданды. Ауыл жұртшылығы бұл қадамның саламатты орта қалыптастыруға, қылмыстық ахуалды жақсартуға және жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал ететініне сенімді.
Тағы бір ауыл бұл жобаны 2023 жылы қолдаған болатын. Ол – Ақтоғай ауданы Абай ауылы. Сол уақытта тұрғындар арақ-шарапты қоқыс жәшігіне лақтырды.
Абай ауылында 41 отбасы тұрады. Мұндағы халықтың мақсаты – саламатты өмір салтына бет бұрып, азаматтардың маскүнемдікке салынуына жол бермеу. Одан бөлек, бұл қылмыс санын азайтуға септігін тигізеді деп сенеді.
– Ауылымыз арақтан бас тартып жатқаны өте игі іс болды. Ең бірінші бас тартудың себебі – мынау жас ұрпаққа имандылық тәрбиесін беру. Біздің ауылымызда араққа аса бір салынып кеткен азаматтар жоқ, әрине. Бірақ сонда да арақтың ешқандай да абырой әкелмейтінін олар жақсы біледі, – деді тұрғын Айтқадиша Айтжанова.
Қарағанды облысында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша күшейтілуде – тұрмыстық қылмыстардан бастап, жол қауіпсіздігі мен мектептердегі тәртіпке дейін. Негізгі шешімдер ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.
Тиімді бастамалардың бірі – «Ішімдіксіз ауыл» жобасы. Бүгінде өңірде 74 елді мекен алкогольден толықтай бас тартқан, бұл өз кезегінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
– Бұл ауылдарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен алкоголь тұтынуға байланысты қылмыстар тіркелмейді. Сондықтан жобаны әрі қарай кеңейтуді ұсынамыз, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.
Мемлекеттік органдар деңгейінде қосымша шаралар әзірленіп жатыр: акциздерді арттырудан бастап алкоголь өнімдерінің сатылуын бақылауды күшейтуге дейін. Назарда – аула ішіндегі дүкендер мен ойын-сауық орындары, олар үшін тәртіпті жүйелі түрде бұзған жағдайда антирейтинг енгізу ұсынылуда.
Өңірдегі «Ішімдіксіз ауыл» жобасының арқасында ауылдарда қазір оң өзгеріс өте көп. Жастардың дені спортқа бет бұрған. Соңғы жылдары ешқандай тәртіпбұзушылық пен тұрмыстық қылмыс тіркелмеген. Жоба аясында ауыл ақсақалдары мен полиция қызметкерлері күш біріктіріп, ішімдіктің таралуына қарсы күрес жүргізіп жатыр.
«Ішімдіксіз ауыл жобасы» жүзеге асқан елді мекендерде соңғы жылдары қылмыс деректері нөлге дейін төмендеген.
Кейбір ауылдар да бір жыл емес, тіпті бірнеше жыл қатарынан заңбұзушылық тіркелмеген.
Биылғы жылдың 4 айы бойынша мас күйінде жасалынған қылмыс саны облыс бойынша 17,8 пайызға төмендеген. Жобаның негізгі мақсаты – ішімдіктің таралуын шектеу, қылмыстың алдын алу және халықты саламатты өмір салтына көшіру, – дейді Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Дәурен Ибраев.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
