Бұл кәсіпорында жылына 200 тоннаға дейін ханбалық (форель) және бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі.
Алматы облысында балық зауыты ашылды
Фото: gov.kz
97
оқылды

Алматы облысының Жамбыл ауданында Kargaly Fish балық шаруашылығы іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 450 миллион теңге. Шаруашылықта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кешеннің ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жаңа нысан өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бірі екенін атап өтті.

«Үкімет қаулысымен бекітілген 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір облыста тауарлы балық өсірумен 53 шаруашылық айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаты – 11 мың тонна. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді», – деді ол.

Кәсіпорында тұйық сумен жабдықтау қондырғысы орнатылған. Көпсатылы сүзгіден өткізу, озондау және ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру жүйелері енгізілген. Бұл аурулардың алдын алып, экологиялық таза әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Яғни, су сапасы, оттегі мөлшері, температура мен санитарлық жағдай тұрақты бақылауда болады.

Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балық өсіру саласында мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізіліп, акваөсіруді дамыту үшін арнайы субсидия қарастырылған. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктері кеңейтілуде. Өткен жылы бұл салаға жергілікті бюджеттен 380 миллион теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Ал биыл 315 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Жаңа кешен – Алматы облысында балық өсіру ісінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Бұл жоба өңір экономикасын ілгерілетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық балық өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.