Қазақстанға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның мемлекеттік сапармен келуіне байланысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және салтанатты қарсы алу рәсіміне Әуе қорғанысы күштерінің, әскери полицияның және Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері, әскери техникасы мен авиациясы тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бөлімшелер күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Міндеттерді орындауға заманауи әскери және арнайы техника, сондай-ақ авиация жұмылдырылды. Түркия мемлекеті басшысының әуе кемесін Қазақстанның әуе кеңістігінде алып жүру үшін Әскери-әуе күштерінің үш Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшағы тартылды.

Қорғаныс министрлігі мәліметінше, сонымен қатар Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары көрсетілімдік ұшу орындап, аспанды Түркия туының түсіне бояды. Ал елордалық авиациялық базаның тікұшақтары Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік туларын салтанатты түрде әуеде алып өтті.

Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері жол қозғалысын реттеуді, делегацияларды бағыттар бойынша алып жүруді және маңызды нысандарды күзетуді қамтамасыз етіп жатыр.

— Біздің бөлімшелер жол қозғалысын реттеу, нысандарды күзету және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді толық көлемде орындап жатыр. Жеке құрам кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын және қойылған міндеттерді мінсіз орындауға бағытталған, — деді Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының бастығы полковник Нұрбол Алтынбеков.

Іс-шаралар Қазақстан Мемлекеттік күзет қызметі және басқа да құқық қорғау органдарымен тығыз үйлесімде өткізіліп, мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
