Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы туралы айтты.
«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес» – Мемлекет басшысы Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді
Фото: akorda.kz
101
оқылды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек.   Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр.   Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.   Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ.   Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек.   Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұған дейін Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылатынын хабарлаған болатынбыз.