Украина Рязань мұнай өңдеу зауытына соққы жасады
Украина Рязань мұнай өңдеу зауытына соққы жасады
142
оқылды

Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Рязань мұнай өңдеу зауытына жасалған соққылар салдарынан бірнеше өндірістік қондырғы зақымданғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, АВТ-3, АВТ-4, АТ-6 мұнай өңдеу кешендері мен дизель отынын гидротазалау жүйесіне соққы тигені хабарланды. Бұл шабуыл 15 мамырға қараған түні жасалған.

Украина тарапының мәліметінше, Рязань мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады және ресейлік әскерді жанармаймен қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқарады. Шабуылдан кейін зауыт аумағында ірі өрт тіркелген. Кәсіпорынның жылдық мұнай өңдеу қуаты шамамен 17 миллион тоннаға жетеді.

Сонымен қатар Украина Қорғаныс күштері Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон бағыттарындағы бірқатар әскери нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Олардың қатарында әскери техника орналасқан ангарлар, басқару пункттері, дрон орталықтары мен материалдық-техникалық қоймалар бар. Сондай-ақ бірнеше елді мекендегі ресейлік күштердің шоғырланған аймақтарына да шабуыл жасалғаны айтылды.