2026 жылдың басынан бері Қазақстанда көкжөтелдің 76 жағдайы тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе төмен көрсеткіш. Мамандар мұны балаларды жоспарлы вакцинациялау мен қосымша иммундау жұмыстарының күшеюімен байланыстырады.
Алайда ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқастардың 88%-ы немесе 67-сі вакцина қабылдамаған.
Олардың ішінде:
69%-ы ата-анасының екпеден бас тартуына байланысты вакцина алмаған;
22%-ында медициналық қарсы көрсетілім болған;
9%-ы екпе жасына әлі жетпеген балалар.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациямен 178,9 мың бала қамтылды. Оның ішінде:
1 жасқа дейінгі 51,6 мың бала;
1 жастағы 46,7 мың бала;
6 жастағы 80,7 мың бала егілген.
Сонымен қатар екпе алмаған балаларды қосымша иммундау жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірім вакцина салдырған.
Дәрігерлер вакцинация көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді тәсілі екенін айтады. Мамандар әсіресе кішкентай балаларды аурудың ауыр асқынуларынан қорғау үшін екпенің маңызы зор екенін ескертті.
