UFC ирландиялық файтер Конор Макгрегордің келесі жекпе-жегін ресми түрде жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол америкалық Макс Холлоуэймен қарымта кездесуде октагонға шығады.
Жекпе-жек UFC 329 турнирінің басты айқасы болмақ. Кездесу 2026 жылғы 11 шілдеде Лас-Вегас қаласында өтеді. Екі спортшы жартылай орта салмақта (77,1 келіге дейін) күш сынасады.
Макгрегор мен Холлоуэй алғаш рет 2013 жылдың тамызында кездескен. Ол кезде ирландиялық файтер төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.
38 жасқа толғалы отырған Макгрегор соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде жекпе-жекке шыққан. Сол кездесуде ол Дастин Порьеден жеңіліп, аяғын ауыр жарақаттап алған болатын. Оның кәсіби мансабында 22 жеңіс және 6 жеңіліс бар.
Макгрегор UFC тарихындағы екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған алғашқы файтер саналады. Ол жартылай жеңіл және жеңіл салмақта чемпиондық белбеулерді иеленген.
Ал 34 жастағы Холлоуэй де осы дивизиондарда өнер көрсеткен. Бұрын жартылай жеңіл салмақта чемпион болған файтер қазір жеңіл салмақ рейтингінде төртінші орында тұр. Оның еншісінде 27 жеңіс пен 9 жеңіліс бар.
