ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының мәліметінше, бүгінде елімізде әскер саласы бойынша мағлұмат пен дерекке, құнды жәдігерге толы үш музей бар. Бірі – Астанадағы әскери-тарихи музей болса, екіншісі – Алматыдағы Даңқ музейі. Ал үшіншісі Ақмола облысының Родина ауылында орналасқан «Родина» әскери-тарихи музейі.
Жаңа музей кешені 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде ашылған. Оның құрылысы бір жарым жыл тұрғызылған. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары – Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыровтың айтуынша, әскери-тарихи музейдің филиалы «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрдің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен қолға алынған.
– Музейді ашуға үлкен үлес қосқан тұлғалардан бастайық, олар – Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы, генерал лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық әскери патриот орталығының бастығы Арман Хасенов. Музейдің мақсаты – Родина ауылының тағдыры ғана емес, Ақмола өңірінің тарихын және Екінші Дүниежүзі соғысында қосқан үлесін насихаттау, шыққан ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау, олардың ерлік жолын үлгі ете отыра өскелең ұрпаққа және барша қазақстандықтарға әскери-патриоттық тәрбие беру, – деді майор, Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыров.
Музейде мыңға жуық жәдігер қойылған. Мұндағы мұрағат төрт кезеңге бөлінген: «Родина» ауылының тарихы, Ақмола өңірінің соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі жылдардағы дамуы, «Родина» ауылының бүгінгі күні, жетістігі.
– «Родина» ауылынан Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқандар қатары өте көп. Әзірге анықталғаны – 134 есім. Оның өзі ауыл тұрғындарының айтқаны бойынша тізімделген. Біздің жұмыс осымен тоқтамайды. Біз, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Қорғаныс істер департаменті және архивпен тығыз байланыстамыз. Сондықтан оның қатары әлі де толықтырылады, – деді ол.
Музейдің кіреберісі ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмола облысында жасақталған 459-ші, 387-ші және 310-шы атқыштар дивизиялары, 105-атты әскер дивизиясының тарихынан басталған. Сол кезеңде Қазақстанда жасақталған 16 дивизия, 8 бригаданың әр қайсына туы қойылып, оның жауынгерлік жолы көрсетіліп, толық мағлұмат берілген. Соның арасынан Рақымжан Қошқарбаевтың Рейстахта тіккен тудың көшірмесі де қойылған. Ақмола өңірінің ірі тұлғалары, яғни Сағадат Нұрмағанбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бегильдиновтерің фотосуреттері мен құжаттарының көшірмесі көрсетілген.
– Астанадағы әскери-тарихи музейден көптеген жәдігерлер жеткізілді. Мемориалды аймақтың іздестіру тобы да қол қусырып қалмады. Іздестіру барысында ұрыс алаңынан табылған мұрағатпен бөлісіп, музейдің қорын толтыруға үлкен үлес қосты.
Музейдің аса құнды жәдігері – «Родина» ауылының тұрғындары өткізген жәдігерлері. Ауыл тарихы сонау 30-жылдардан бастау алады. Дәл репрессия жылдарында Ауыл шаруашылығын Кулагтан тазарту қажет деген бұйрық шығып, елде қуғын-сүргін басталды. Сол жылдары Қазақстан мыңдаған адамға пана болып, отанына айналады. Міне, әуелде «Родина» ауылы «31 точка» болды. Осыған біраз жұртты әкеп, тастай берген. Содан бері тұрып келе жатқан үлкен әулеттер бар. Олардың ұрпақтары үйлерінде сақтап отырған ата-апаларының мұрағатын осында тапсырды. Бұл – ең алғашқы «31 нүктеге» әкелінген азаматтардың суреттері, – деді ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары Дәулет Қадыров.
«Родина» ауылының бүкіл тарихын осы мұражайдан танысуға болады. Музейде ауған соғысына қатысып, Чернобыльдің жабылуына атсалысқандардың есімі ғана емес, істеген ісіне дейін тізбектелген. 1954 жылы, Кеңес одағы кезінде егістік алқабын көбейту мақсатында 14 миллион жер игеруге міндеттелсе, Қазақстанға 6,3 миллион га жерді игерген. Соның басым бөлігі – Ақмола өңіріне қарасты. Сол жылдары еңбек еткен «Родина» тұрғандарының есімі жазылған.
– Музей қонақтары өзіне тың ақпарат алып, отанға деген сүйіспеншілігі артады деп сенеміз. Еліміздің басқа өңірлерінде де Иван Адамович секілді бастама бастап, қолдау көрсететін ізгі жандар көбейсе, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы сол өңірлерде әскери-тарихи музейдің филиалын ашуға дайын. Қазақ елі тарихқа өте бай, соның ішінде еліміздің ардақтыда, еңселі ер азаматтарымыз аз емес. Олардың есмін тарихта насихаттау арқылы жастар арасында патриотизмды ұлттық жадына сіңіре аламыз деген сенімдеміз, – дейді ол.
Мұнда бір ғана мұражай ғимараты ғана емес, аумағы 350 шақырымды алып жатқан далалық аймағы бар. Онда Екінші Дүниежүзілік соғыстан бастап, бүгінгі күнге дейін әскери техникалар қойылған. 16 экспонат бар. Оның ішіндее ең танымалы – «Т34», яғни әскери салада «жеңіс» танкісі деп аталады. Қызығы, ондағы әрбір экспонат тозығы жетсе де қайта құрастырылып, құрылғылары жағартылды. Ең ұзақ жөндеуден өткені – алаңның орталығындағы тікұшақ. Оны реставрациялауға бір жарым ай кеткен. Әр экспонатты жинақтауға қаланың білікті мамандары алынған. Олар сол аралықта ауылда тұрып, жұмыс істеген.
Музейдің жұмыс кестесі таңғы 10.00-нан кешкі 18.00-ге дейін. Демалыс – дүйсенбі күні. Кіруі – тегін. ғана демалыс қалған күні.
– Біріншіден, бұл – біздің бірлескен жобамыз. Біз – әскери патриоттың музейдің филалымыз. Қорғаныс министрлігінің қолдауымен біраз әскери техникалар берілді. Әрине, жөндеуден өзіміз өткіздік. Бірақ негізін солардан алдық. ауыл тұрғындарының арасынан да ел тарихын білетін, ауан соғысын көрген, ұрыс алаңында болғандар ақыл-кеңесімен бөлісті. Оның үстіне, министрлік тарапынан ұшақ саласы бойынша білікті мамандар жіберілді.
Музей қатып қалған дүние емес, ол әрдайым толығып, жаңарып тқруы тиіс. «Музей ашып, бәрін толықтырдық» деп тоқтап қалса, мұражайдың құрдымға кеткені. Өйткені музей әрдайым іздену үстінде, толығып, жанару бағытынан таймай, осы үрдісі үзілмеуі тиіс, – дейді «Родина» агрофирма ЖШС-нің директоры Иван Сауэр.
Иван Сауэрдің айтуынша, бұл музейдің құрылысына 360 миллион теңге жұмсалған. «Жұмысымыз әлі толық аяқталмады, бұл бүгінге дейінгі шыққан шығын» деді ол.
– Бұған дейін бұл жерде бір үй ғана болған. Соны құлатып, жаңадан ғимаратты жаңадан тұрғыздық. Батырлар аллеясын ашамыз дегеннен соның жанынан музей салу жоспарда болған. Өйткені ескі музейіміз Орта мектептің құрамында еді. Оның іші тар, әрі экспонаттың көбі сыймай жатты. Өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің ауылға келгенінде болашақ музейдің жобасын ұсынып, қолдағы сызбамен таныстырдық. Ол кісі бұл ісімізді құптады. Содан кейін біз де бұл жобаны қолға алдық, – дейді Иван Сауэр.
Әскери техниканың көрмесі және жабық ғимарат ішіндегі музейдің құрылысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің ашылуы былтыр 9 мамарда болса, екінші кезең биыл Отан қорғаушылар күнінде есігін ашты.