Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунды, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековті, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданы, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыровты және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовты қабылдады.
Өңірлік қауіпсіздік –  өзекті мәселе
215
оқылды

Кездесу барысында өңірлік қауіп­сіз­дікті қам­тамасыз ету, трансұлттық қыл­мыс пен есірт­кінің заңсыз айналымына қар­сы іс-қи­мыл, киберқауіпсіздік, экст­ре­мизммен және бас­қа да қазіргі сын-қа­терлермен күрес мә­се­лелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия ел­дері мен Қытайдың құқық қорғау ор­ган­дары ара­сын­дағы ықпалдастықты арт­тыру өңірде тұ­рақтылықты және қауіп­сіздікті сақтауда маңызды екенін атап өтті.

– Ұйымдасқан трансұлттық қылмыс та­­мыр жайып, аясын кеңейте түсті. Ки­бер­­қыл­мыс табысы жоғары жаһандық индустрияға ай­нал­ды. Бұл адамдарды мил­лиардтаған дол­лар шығынға ұшы­ра­тады. Цифрлық жүйе­ні қылмыстық топ­тар өз қызметтерін үй­лестіруге, та­быс­тарын жылыстатуға, еш­бір мемлекеттің шекарасына қарамайтын ша­буыл жасауға жиі қолданады. Маңызды кө­лік және сауда бағыттары түйісетін Ор­та­лық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық же­лінің қызығушылығы жоғары. Осы орай­да ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам сау­дасына қарсы тұру мәселесі өзекті бо­лып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, инс­титуционалдық ықпал­дас­тықты нығайту жә­не заманауи техно­ло­гияларды енгізу ар­қы­лы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра ала­тынымызға се­німдімін. Қазақстан қауіп­сіздік сала­сын­дағы өңірлік және халы­қ­ара­лық ын­тымақтастықты тереңдетуді дәйекті түр­­де қолдайды. Біз азаматтарымызды қор­­ғау мен елдерімізді орнықты дамыту ба­ғы­тын­дағы ашық диалогқа, үздік тә­жірибелерді ал­масуға және бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қылмыстық эле­­­менттердің өңірдегі ішкі тұрақ­ты­лық­ты бұзуы­на жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

– Қазақстан заң үстемдігін қам­тамасыз ету­ді құқық қорғау қызметі ғана емес, мем­ле­кеттік саясаттың стратегия­лық басым ба­ғыты ретінде қарастырады. Біз «Заң мен тәр­тіп» тұжырымдамасын дәйекті түрде ны­ғайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конс­ти­туциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың бас­ты алғышарт­тарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңыз­ды міндеттердің бірі – ұйы­м­дас­қан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстре­мизм идея­ларының таралуын, лаңкестік топтар­дың адамдарды интернет арқылы арбауын бел­сенді түрде әшкерелеп, тер­рор­лық акті­лер­ге астыртын әзірлік әре­кеттерін алдын ала анықтаған жөн. Ай­ты­л­ған қатерлердің бәрі бір-бірімен ты­ғыз байланысты. Оған тек жан-жақты, ке­шенді түрде күш-жігер бі­рік­тіре оты­рып төтеп бере аламыз. «Орта­лық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету ісінде өзара үй­ле­сімді, нақты шешімдердің үлгісі бола-ты­­ны­на сенімдімін, – деді Мемлекет бас­­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық жә­не экономикалық тыныс-тіршіліктің он­лайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіз­дік мәселе­сін мүлдем жаңа деңгейге кө­терді деп санай­ды.

– Ақпараттық технологиялар сала­сын­­да­ғы қылмыс ешқандай шекараға ба­ғынбай­ды. Азаматтарымызға, бизнеске жә­не мем­лекеттік органдарға зардабын ти­гізіп отыр. Гиб­ридті және ақпараттық тех­нологиялар жал­ған мәлімет, яғни, «фейк» тарату құралы ре­тінде қолда­ны­лады. Өшпенділік өртін үр­леп, алауыздық туғызады. Деструктивті эле­­­­менттердің қо­лындағы жасанды интел­лект ауыр сал­дарға әкеліп соғатын өте жой­қын ақ­парат­тық қаруға айналды. Заң талап­та­ры­на қайшы контент толассыз көбейіп жа­тыр. Осыған байланысты қазіргі ық­пал­дас­тық тетіктерін жүйелі түрде же­тіл­діріп, ки­берқауіпсіздікке қарсы проак­тивті іс-қимылға көшу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңір елдерінің эко­­но­микалық ынтымақтастығын ны­ғайту мен дамыту, бірлескен инфрақұры­лым­дық жоба­ларды жүзеге асыру қауіп­сіздік мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты.

– Транскаспий халықаралық көлік ба­ғы­ты еуразиялық логистиканың стра­тегиялық элементіне айналып келеді. Жаһандық сауда тізбегінің трансфор­мациясына және геосая­си қысымның күшеюіне сәйкес оның маңы­зы еселеп арт­ты. Сонымен қатар жүк тасы­ма­лын ұл­ғайтудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар. Әңгіме трансұлттық қылмыс, соның ішін­де контрабанда, есірткі, қару-жарақ тасы­малы туралы болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиім­ді жүйе­сін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» фор­матының әлеуетін пайда­лану қажеттігін жеткізді.

– Менің ойымша, ішкі істер министр­лік­­тері бір-бірімен ынтымақтастықты кү­шей­тіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәр­тіп мә­се­лелеріне қатысты ақпарат­тармен бөлі­су­ге тиіс. Бұл халықтары­мыз­дың арман-тіле­гі­не толығымен сай ке­леді. Жұртшылық мем­лекеттер бас­шы­ларынан өз елдерін тәр­тіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмір­ге қолайлы жағ­дай жасау үшін аса шұғыл, тиімді ше­шімдер қабылдауды талап етіп отыр. Ба­лаларымыз, жалпы халық ел бас­шы­ларының, ішкі істер министрлері мен бас­қа да ведомство жетекшілерінің заңға сәй­­кес қоғамдық тәртіпті сақтау шара­ларын қа­былдап жатқандарына көздері жетіп, өзде­рін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен және Ор­талық Азия мемлекеттерімен өзара сенім, тату көршілік, ортақ жауапкершілік не­гізін­дегі ынтымақтастықты ілгеріле­туге ерекше мән беретінін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар өзара бай­ланыс­тар­ды жолға қоюға, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды да­мытуға және құ­қық қорғау орган­дары­ның қызметіне за­манауи техноло­гия­ларды енгізуге ниетті екен­дерін рас­тады.

Президент аталған жиынның Орта­лық Азия мен Қытай аумағындағы қауіп­сіздікті қам­тамасыз ету бойынша серік­тестік пен ық­палдастыққа тың серпін беретініне сенім біл­дірді.