Кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырмен сұхбаттасудың сәті түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әңгіме барысындағы ел футболындағы соңғы жылдардағы өзгерістердің барлығы талқыланды.
– Бақытжан, өзіңіз осы қызметке келгелі 1,5 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында Қазақстанның кәсіби футболында не өзгерді?
– Өте көп нәрсе өзгерді. Ең бастысы – кәсіби футболды басқару тәсілі өзгере бастады.
Кәсіби жарыстар Қазақстан футбол федерациясының тікелей басқаруына өткеннен кейін лигаларды реформалау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілді. Бұл өзгерістердің басында ҚФФ президенті Марат Омаров бастаған Федерацияның бүкіл командасы тұрды.
Бізге қысқа мерзім ішінде жарыстарды басқарудың жаңа жүйесін құруға тура келді: чемпионаттардың тұрақтылығын сақтау, клубтармен, аймақтармен, төрешілермен, телевизиямен, медиамен байланысты жолға қою және сонымен қатар реформаларды іске қосу қажет болды.
Бірақ біз бірден түсіндік: мәселе тек матч өткізуде емес. Біздің мақсат – заманауи футбол индустриясын қалыптастыру.
Бүгінде футбол – жай ғана ойын емес. Бұл – экономика, медиа, инфрақұрылым, цифрлық технологиялар, маркетинг, академиялар, жанкүйерлермен жұмыс және жастарды дамыту.
Маңызды шешімдердің бірі – жарыс регламенттерінің үш жылдық циклін енгізу болды. Бұл клубтарға ұзақ мерзімді әрі тұрақты жоспарлауға көшуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, алдағы үш жылға арналған кәсіби лигаларды дамыту стратегиясы әзірленді. Оның негізінде клубтардың тұрақтылығы, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, коммерциялық даму және жанкүйерлер қызығушылығын арттыру жатыр.
Стратегиялық мақсат – Қазақстан чемпионатын Еуропаның ең мықты 30 лигасының қатарына енгізу.
– Лигалар ҚФФ құрылымына өткеннен кейін ең қиын болған нәрсе не еді?
– Ең қиыны – уақыттың тапшылығы. Ол мүлде аз болды. Бір мезетте жаңа басқару жүйесін іске қосу, регламенттер қабылдау, күнтізбе жасау, трансляциялар, логистика, матч күнін ұйымдастыру және сонымен бірге чемпионаттардың өтуінде іркіліске жол бермеу қажет болды.
Іс жүзінде дағдарыстық басқарумен де, жүйелі реформалармен де қатар айналысуға тура келді.
Соған қарамастан, бүгінде Қазақстанның кәсіби футболы дами түсуде: бәсекелестік күшейіп келеді, жанкүйерлер қызығушылығы артып жатыр, матчтарды ұйымдастыру деңгейі, инфрақұрылым, медиа және цифрлық бағыт дамып келеді.
– Бұл нақты неден көрінеді?
– Ең алдымен – бәсекелестік деңгейінен. 2026 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар саны 14-тен 16-ға дейін ұлғайтылды. Бұл чемпионаттың қарқынын, күнтізбе тығыздығын және жалпы бәсекелестік деңгейін арттырды.
Бүгінде іс жүзінде әр команда көшбасшыларға қарсы күрес жүргізе алады. Бұрын көптеген нәтижені алдын ала болжауға болатын болса, қазір чемпионат әлдеқайда күтпеген сипатқа ие болды.
Жаттықтырушылық жұмыс деңгейі де айтарлықтай өсті. Матчтарға дайындық егжей-тегжейлі әрі жеке сипатқа ие болды.
Сонымен бірге біз алдағы үш жыл ішінде легионерлер санын кезең-кезеңімен қысқарту туралы стратегиялық шешім қабылдадық. Негізгі мақсат – қазақстандық футболшыларға көбірек мүмкіндік беру және ұлттық кадрлық әлеуетті күшейту.
– Жанкүйерлер үшін футбол өнімі қаншалықты өзгерді?
– Соңғы жылдардағы ең көзге түскен өзгерістердің бірі – жанкүйерлерге арналған футбол өнімінің дамуы және матчтарды ұйымдастыру деңгейінің артуы. Бұрын матч тек алаңдағы ойын ретінде қабылданса, бүгінде клубтар футбол күнін толыққанды қалалық оқиғаға айналдырып келеді.
Шымкентте матчтар қалалық атмосфераның бір бөлігіне айналды – концерттер, отбасылық белсенділіктер, балалар аймақтары мен fan zone ұйымдастырылады.
Ақтөбеде елдегі ең эмоцияға толы әрі көп жиналатын футбол атмосферасының бірі қалыптасты.
Семейде клуб төңірегінде аймақ тұрғындарының жоғары қызығушылығы мен футболға деген үлкен ықыласы байқалады.
Елорда клубтары – «Астана» мен «Жеңіс» – матч ұйымдастыруды халықаралық заманауи стандарттарға сай құрып, спорттық маркетинг, event-менеджмент, жанкүйерлермен жұмыс және матч ұйымдастыру салаларындағы тәжірибелі мамандарды тартты.
Ең маңыздысы – футбол тек ірі қалаларда ғана жанданып жатқан жоқ. Бүгінде Көкшетау, Петропавл, Қызылорда, Түркістан қалаларында да клубтар стадион атмосферасына, жанкүйерлер жайлылығына және матч өткізу сапасына көбірек көңіл бөліп, Қазақстанда футболдық іс-шараларды ұйымдастырудың жаңа мәдениетін қалыптастыра бастады.
– Сонымен қатар қазақстандық ойыншыларды дамыту жайлы көп айтылып жүр. Нақты өзгерістерді айта аласыз ба?
– Иә, және бұл өзгерістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Кәсіби клубтар құрамындағы қазақстандық футбол мектептерінің түлектері көбейді, ал лига ойыншыларының орташа жасы 25,2 жасқа дейін төмендеді – бұл алдыңғы маусымдармен салыстырғанда шамамен 9%-ға жас деген сөз.
Клубтар жас футболшыларға көбірек сенім арта бастады, ал аймақтарда жаңа таланттар мен жергілікті мектеп түлектері пайда болуда.
Қазірдің өзінде жас қазақстандық ойыншылар тұрақты ойын тәжірибесін алып, Премьер-лига деңгейінде нәтиже көрсете бастады.
Мысалы, 19 жастағы жартылай қорғаушы Жасұлан Әмір («Ордабасы») осы маусымда 11 матч өткізіп, чемпионат пен Қазақстан Кубогында 5 гол және 2 нәтижелі паспен көзге түсті.
18 жастағы сол қаптал шабуылшысы Мақсат Абраев («Астана») 10 матч өткізіп, 2 гол соқты.
Ал 17 жастағы шабуылшы Виталий Латурнус («Ақтөбе») 8 матч өткізіп, 2 нәтижелі пас берді.
Мұндай мысалдар көбейіп келеді. Бұл клубтардың жастармен жүйелі жұмыс істей бастағанын және қазақстандық футболшылардың жаңа буынын қалыптастырып жатқанын көрсетеді.
Егер біз мықты ұлттық құрама мен бәсекеге қабілетті чемпионат құрғымыз келсе, өз ойыншыларымызды дамытуға жағдай жасап, жастарға кәсіби деңгейде сенім арта беруіміз қажет.
– Соңғы уақытта әйелдер футболы да қарқын ала бастады. Бұл бағытта не өзгерді?
– Маңызды қадамдардың бірі – 16-дан астам команда қатысатын толыққанды әйелдер лигасының дамуы болды.
Біз үшін жай формалды жарыс емес, тұрақты ойын тәжірибесі, медиа сүйемелдеу және әрі қарай даму мүмкіндігі бар толыққанды бәсекелі орта құру маңызды болды.
Әйелдер футболындағы matchday-мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінді. Тарихта алғаш рет «Ақтөбе» мен БИІК әйелдер командалары арасындағы матчқа 7 мыңнан астам көрермен жиналды.
Бұл дұрыс ұйымдастыру мен насихат болған жағдайда әйелдер футболының да үлкен қызығушылық тудыра алатынын көрсетті.
– Чемпионатқа деген жанкүйерлер қызығушылығы қаншалықты өсті?
– Өте айтарлықтай өсті. Былтырғы маусым қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-лигасының матчтарына 900 мыңнан астам көрермен келді, ал барлық кәсіби лигалардың жалпы көрермен саны 1,2 миллион адамнан асты. Бұл алдыңғы маусымдардан 30%-ға жоғары.
Биылғы маусымда бұл динамика жалғасып жатыр. Көптеген аймақтарда sold-out матчтар тұрақты тіркелуде.
Бұл футболдың қайтадан қалалық өмірдің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
– Лигалардың әлеуметтік желілері мен медиасы қатты өзгерді. Бұл арнайы стратегия болды ма?
– Әрине. Біз заманауи футболды күшті медиасыз дамыту мүмкін емес екенін түсіндік.
Бүгінде кәсіби лигалардың әлеуметтік желілеріндегі ай сайынғы қамту 30 миллион қаралымнан асады.
Тек ҚПЛ-дың Instagram парақшасы айына шамамен 30 миллион қаралым және 1,5 миллионнан астам репост болып тұрады.
Бірінші лига – шамамен 10 миллион қаралым, Әйелдер лигасы – 8 миллионнан астам.
Біз заманауи контент жасай бастадық: Алаң сыртындағы видеолар, matchday-видеолар, сұхбаттар, қысқа роликтер, статистика, интерактив. Футбол тірі әрі эмоцияға толы өнім болуы керек.
– YouTube парақшасындағы статистика да өскенін байқап отырмыз...
– Иә, және бұл біз үшін өте маңызды болды. Бүгінде кәсіби лигалардың барлық матчтары тегін көрсетіледі.
Өткен маусым қорытындысы бойынша YouTube-тағы матчтар мен контент қаралымы 9,5 миллионнан асты.
Сонымен қатар біз Qazsport және Sport Plus Qazaqstan телеарналарымен ұзақ мерзімді меморандумға қол қойдық.
Параллель түрде трансляцияның бірыңғай стандарттарын енгізе бастадық: бейне сапасы, графика, статистика, қайталаулар, аналитика.
SOTA компаниясымен бірге матч статистикасы мен аналитикасының заманауи жүйесі енгізілді.
Сондай-ақ Қазақстан футболындағы телетрансляция сапасының біртіндеп артып келе жатқанын атап өту керек. Алдыңғы маусымдармен салыстырғанда қолданылатын камералар саны көбейді, түсірілім процесін ұйымдастыру деңгейі және отандық бродкастерлер мен техникалық мамандардың кәсібилігі артты.
Кейбір аймақтарда клубтар телетүсірілім өндірісін өздері күшейтіп жатыр: мысалы, Шымкент пен Семейде клуб басшылығы Федерация ұсынатын базалық жинақтан бөлек қосымша камералар орнатуда.
Бұл трансляция сапасын жақсартуға, өнімнің тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ VAR жүйесінің жұмысына және даулы сәттерді қарауға көмектеседі.
Біздің міндет – қазақстандық футболдың стадионда ғана емес, экранда да заманауи көрінуі.
– KFF League сайты маңызды жобалардың біріне айналды. Бұл басымдықтың себебін айтып өтсеңіз?
– Себебі қазіргі футболды толыққанды цифрлық платформасыз елестету мүмкін емес.
Біз жай ғана жаңалықтар ресурсын емес, Қазақстан кәсіби футболының еуропалық деңгейдегі толыққанды цифрлық экожүйесін жасағымыз келді.
Қазір платформада онлайн матчтар, кеңейтілген статистика, аналитика, турнир кестелері, көрермен саны және барлық кәсіби жарыстардың нәтижелері қолжетімді.
– Футболды коммерцияландыру туралы да көп айтылып жүр. Нақты не істелді?
– Біз ең алдымен көзқарасты өзгертуді бастадық. Бүгінде кәсіби футбол тек бюджет есебінен өмір сүре алмайды.
Негізгі бағыттардың бірі – жаңа серіктестер тарту және заманауи коммерциялық модельге көшу болды.
Федерация президенті Марат Омаровтың тікелей қатысуымен чемпионатқа жаңа стратегиялық серіктестер – Alatau City Bank, Яндекстің Кинопоиск сервисі және басқа компаниялар келді.
Ең маңыздысы – кәсіби футбол біртіндеп тек букмекерлік нарыққа тәуелді болудан кетіп жатыр.
Сонымен қатар былтыр клубтар үшін мүшелік және ұйымдастыру жарналары 10%-ға азайтылды.
Болашақта коммерциялық және демеушілік қаражаттың едәуір бөлігі тікелей клубтарға бағытталатын модельге көшуді қалаймыз.
– Қазір клубтарды жекешелендіру туралы көп айтылып жүр...
– Өйткені бұл Қазақстан футболын дамытудың стратегиялық бағыты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіби клубтарды коммерцияландыру және жекешелендіру бойынша жүйелі жұмыс басталды.
Футбол біртіндеп тұрақты әрі нарықтық даму моделіне көшуі керек. Қазір Қазақстанда қысқа уақыт ішінде ондаған кәсіби футбол клубын жекешелендіру жүзеге асты.
Жалпы жарияланған инвестиция көлемі 50 миллиард теңгеден асады. Бұл қаражат академиялар салуға, инфрақұрылымды дамытуға, балалар-жасөспірімдер футболына және клубтарды жаңғыртуға бағытталмақ.
Біз үшін клубтардың өз экономикасы, инфрақұрылымы, жанкүйерлері, маркетингі және ұзақ мерзімді стратегиясы бар толыққанды футбол ұйымдарына айналуы маңызды.
Футбол тек бюджетке салмақ болуды тоқтатып, аймақтар экономикасының бір бөлігіне айналуы тиіс.
Сонымен қатар мен әрдайым Қазақстан спортына, әсіресе футбол мен футзалға инвестиция салу тиімді екенін айтып келемін.
Қарапайым тілмен айтсақ – Еуропа нарығымен салыстырғанда кіру шығыны әлдеқайда аз, ал дұрыс басқару болған жағдайда қайтарымы өте жоғары болуы мүмкін.
Еуропаның үздік 5 чемпионатындағы клубтардың тұрақты түрде еурокубоктардың негізгі кезеңіне шығуы үшін жүздеген миллион доллар инвестиция қажет екенін көріп отырмыз. Көп жағдайда 500 миллион доллардан астам қаражат салынады, бірақ бұл да бірден нәтиже беретініне кепіл емес.
Қазақстанда жағдай мүлде басқа. Әлдеқайда аз инвестиция арқылы клубтар еурокубоктарға тұрақты қатысуға, ойыншыларды дамытуға, футболшылардың трансферлік құнын арттыруға, клуб пен аймақ брендін күшейтуге және халықаралық турнирлерден айтарлықтай табыс табуға мүмкіндік алады.
«Қайрат» мысалында академияға, инфрақұрылымға және клубтың жүйелі дамуына салынған инвестициялардың ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да нәтиже бере бастағанын көріп отырмыз.
Осыған ұқсас жолдан бұған дейін Әзербайжан, Украина, Хорватия және басқа елдердің клубтары өтті. Дұрыс стратегия, академиялар, инфрақұрылым және еурокубоктарға қатысу арқылы олар тұрақты футбол жобаларына айналды.
Сондықтан біз Қазақстан футболының инвестициялық әлеуеті өте жоғары деп есептейміз.
– Инфрақұрылым қаншалықты маңызды бағытқа айналды?
– Инфрақұрылымсыз футбол дамымайды. Сондықтан стадиондарды реконструкциялауға, алаң сапасына, жарықтандыруға, қауіпсіздікке және жанкүйерлерге арналған жағдайларға ерекше көңіл бөлінуде.
Өзгерістердің символдарының бірі – Қызылордадағы жаңа Kaysar Arena стадионының ашылуы болды. Қазақстан Кубогының финалы стадионның ресми ашылуымен қатар өтіп, еуропалық деңгейдегі заманауи matchday үлгісін көрсетті.
Қазір Шымкент, Астана, Семей, Атырау, Ақтөбе және басқа өңірлерде стадиондар салу мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
– ҚПЛ клубтарының еурокубоктардың негізгі кезеңіне шығуы лига үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл – бүкіл Қазақстан футболы үшін стратегиялық маңызды мәселе.
Мұнда тек бір клубтың спорттық нәтижесі туралы сөз болып тұрған жоқ. Қазақстандық командалардың еуропалық турнирлердің негізгі кезеңіне шығуы бүкіл футбол экожүйесінің дамуына серпін береді.
Бұл – халықаралық аудиторияның назарын аудару, Қазақстан чемпионатына қызығушылықтың өсуі, жаңа серіктестер, инвестициялар, туристік ағын және қалаларымыз бен клубтарымыздың танымалдығының артуы.
«Қайраттың» УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы клубқа, қалаға және чемпионатқа деген назардың қалай өзгеретінін көрсетті.
Сондай-ақ футболдың отандық туризмнің бір бөлігіне айналып келе жатқаны өте маңызды.
Адамдар тек матчқа келмейді – олар атмосфера, эмоция алып, қаламен және мәдениетпен танысқысы келеді.
Қазір жанкүйерлер Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астана, Семей және басқа қалаларға арнайы футбол атмосферасы үшін барады.
Бұл енді жай спорт емес – бұл қалалық мәдениет пен әсер индустриясының бір бөлігі.
– Жанкүйерлер мен клубтар төрешілік мәселесін жиі талқылайды. Бұл қазір қаншалықты өзекті проблема?
– Төрешілік – әлемдегі футболдағы ең сезімтал тақырыптардың бірі, Қазақстан да бұдан тыс емес. Бәсекелестік, назар және эмоция деңгейі өскен сайын төрешілер жұмысына деген назар да артады.
Біз төрешілік сапасы чемпионатқа деген сенімге және жалпы футболды қабылдауға тікелей әсер ететінін түсінеміз. Сондықтан қазір төрешілер корпусын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: талаптар күшейтіліп, дайындық пен матчтарды талдау жұмыстары жақсартылып, заманауи технологиялық және аналитикалық құралдар енгізілуде.
Сонымен қатар төрешілікті дамыту – бұл процесс екенін түсіну керек. Жылдар бойы жиналған мәселелерді бір сәтте шешу мүмкін емес. Бірақ біз біртіндеп прогресті көріп отырмыз және чемпионат деңгейімен бірге төрешілік сапасы да өсуі тиіс екенін түсінеміз.
Ең бастысы – футбол әділ, бәсекелі болып қалып, жанкүйерлердің, клубтардың және барлық қатысушылардың сенімін тудыруы керек.
– Жақында Федерация «Кітап оқитын ұлт» жобасынның «Оқитын спортшы» бағытын қолдады. Бұл футбол индустриясы үшін қаншалықты маңызды?
– Қазіргі спорт әлдеқашан тек физикалық дайындықпен шектелмейді. Бүгінде табысты спортшы интеллектуалды дамыған, тәртіпті және ойлау қабілетін үнемі жетілдіретін адам болуы керек.
Сондықтан біз үшін «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысу және «Оқитын спортшы» бағытын дамыту өте маңызды.
Біз футболшылардың тек мықты спортшы ғана емес, кең ойлы, мәдениетті, көшбасшылық қасиеті бар және дұрыс құндылықтарды ұстанатын тұлға болғанын қалаймыз.
Кітап оқу ойлау қабілетін, зейінді, аналитикалық мүмкіндіктерді және шешім қабылдау қабілетін дамытады – ал бұл кәсіби спортта өте маңызды.
Сонымен қатар мұндай жобалар жастар үшін спортшының дұрыс бейнесін қалыптастыруға көмектеседі. Балалар футболшыларды тек медиа тұлға ретінде емес, білімді әрі дамып жүрген кәсіби маман ретінде көруі маңызды.
Федерация үшін бұл – елдегі футбол мәдениетін дамытудың кең стратегиясының бір бөлігі. Біз футболдың тек спортпен ғана емес, біліммен, тәрбиемен, мәдениетпен және тұлғалық дамумен байланысты болғанын қалаймыз.
– Және ең басты сұрақ: бірнеше жылдан кейін Қазақстан футболын қандай деңгейде көргіңіз келеді?
– Біз заманауи, бәсекеге қабілетті және коммерциялық тартымды чемпионат көргіміз келеді.
Жанкүйерлерге, серіктестерге, теледидарға, инвесторларға және клубтардың өзіне қызықты лига көргіміз келеді.
Клубтар тек спорттық жағынан ғана емес, өз инфрақұрылымы, академиялары, жанкүйерлері, бренді және экономикасы бар толыққанды ұйым ретінде дамитын лига болуы керек.
Иә, көптеген жобалар уақытты талап етеді. Бірақ қазірдің өзінде болашақ дамудың институционалдық, инфрақұрылымдық және коммерциялық негіздері қаланып жатыр.
Менің ойымша, Қазақстан футболы біртіндеп мүлде жаңа ойлау және даму деңгейіне өтіп келеді.